Қызметтен – студенттік партaға: әскери жоғары оқу орнында сарбаздар білім гранттарына ие болды
15.11.2025 11:50:29 120
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында мерзімді қызметтегі сарбаздарды запасқа шығаруға арналған салтанатты рәсім өтті.
Әскери жоғары оқу орнының күзгі шақырылымдағы қарауыл ротасының жауынгерлері өз міндеттерін абыроймен атқарып, қызметтерін лайықты деңгейде аяқтады.
Олардың еңбегі еленіп, әрбір сарбазға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Жыл ішінде қызметімен ерекшеленген әскери қызметшілерге кезекті әскери атақтар берілді.
Бұл шақырылымда жауынгерлік және кәсіби даярлықта жоғары нәтижелер көрсеткен алты сарбаз білім гранттарына ие болды. Оның бесеуі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери жоғары оқу орындарында білімін жалғастырса, біреуі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсетін болды. Сонымен қатар төрт сарбаз Қарулы күштер қатарында келісімшарт негізінде қызметін жалғастыруға шешім қабылдады.
– Қызмет мен үшін маңызды өмірлік белес болды. Ол маған азаматтық борышымды өтеуге мүмкіндік беріп, жоғары оқу орнына жол ашты. Қолдау көрсеткені және өсуге жағдай жасағаны үшін Қорғаныс министрлігіне алғыс айтамын, – деді мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері Диляр Зияудинов.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты қарауыл ротасы құрылғаннан бері мерзімді қызметтегі он төрт сарбаз білім грантына ие болды. Он бесі Қорғаныс министрлігінің әскери жоғары оқу орындарына оқуға түскен, ал бесеуі келісімшарт бойынша қызметін жалғастырған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1106017?lang=kk