Алматы облысында тозығы жеткен су құбырларын жаңарту қарқын алады

Алматы облысында тозығы жеткен су құбырларын жаңарту қарқын алады

18.11.2025 18:40:25 49

Алматы облысының Іле ауданына қарасты Ақши ауылында ауыз суға қатысты туындаған күрделі мәселені шешу үшін жедел шаралар қабылданып жатыр. Жағдай облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тікелей бақылауында.

Апаттың негізгі себебі — 1976 жылдары салынған «Бозой» топтық су құбырының толық тозуы. Соңғы күндері магистраль бірнеше жерде жарылып, ауылға су беру жиі үзілген. Тексеру барысында құбырдың 2 шақырымнан астам бөлігі жарамсыз деп танылып, бұл учаскелерді қалпына келтіру уақытша тоқтатылды.

Ауыз су беру тоқтаған кезеңде Іле ауданы әкімдігі арнайы су таситын көліктерді жұмылдырып, тұрғындарды тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр.

Мәселеге қатысты бірқатар ауыл тұрғындары облыс әкіміне әлеуметтік желі арқылы да жүгінген.

Аппараттық кеңесте Марат Сұлтанғазиев мәселені шұғыл шешуді тапсырды. Жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне нақты міндет жүктеліп, төмендегі шаралар қолға алынды:

• 18 қарашада ТЖД мен аудан әкімдігі апат орнын тексереді.
Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті мен Іле ауданының әкімдігі апат аймағын аралап, келтірілген шығынды нақтылайды.

• 2,6 шақырымдық құбыр толық ауыстырылады.
«Техногендік төтенше жағдай» режимі аясында шамамен 2,6 км су желісін қайта салу жоспарлануда. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттаманы жаңарту және жөндеу жұмыстарына қажетті қаржыны нақтылау жүріп жатыр. Құбырды толық ауыстыру Ақши ауылын ұзақ мерзім бойы тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

18 қарашада Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов жағдай орнына барып, тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әкімнің айтуынша, бір айдың ішінде барлық ақаулар қалпына келтіріліп, ауылға ауыз су қайта беріледі.

Қазіргі уақытта елді мекенді сумен қамтамасыз ету үшін төрт су тасымалдау көлігі үздіксіз жұмыс істеп тұр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1107733?lang=kk