Ұйғыр ауданында жасөспірімдерге арналған ВИЧ мәселелері мен денсаулықты нығайтуға бағытталған форум өтті
19.11.2025 14:50:29 117
Ұйғыр ауданында жасөспірімдер арасында ВИЧ инфекциясы туралы ақпараттандыру деңгейін арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ауқымды форум ұйымдастырылды. Іс-шара «ВИЧ-пен күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге!» республикалық кампаниясы аясында өткізіліп, мамандар мен жасөспірімдер арасындағы ашық диалог алаңына айналды.
Форумның басты мақсаты – оқушыларға ВИЧ инфекциясының жұғу жолдары мен алдын алу әдістері туралы дұрыс түсінік қалыптастыру, зиянды әдеттердің алдын алу және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін дамыту.
Іс-шараны Ұйғыр аудандық орталық ауруханасының мамандары – білім беру саласы өкілдері, салауатты өмір салтын қалыптастыру бөлімінің қызметкерлері және жасөспірімдер денсаулық орталығының дәрігерлері ұйымдастырды. Сондай-ақ форумға Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары қатысып, жасөспірімдермен ашық әңгіме құрып, өзекті сұрақтарға жауап берді.
Форум бағдарламасына медицинаның әртүрлі бағыттары бойынша мамандардың баяндама-түсіндірулері енді. Олар психобелсенді заттардың зияны, зорлық-зомбылықтың алдын алу, салауатты өмір салты қағидаттары, сондай-ақ адам папилломасы вирусы және оның алдын алу тәсілдері туралы өзекті ақпарат ұсынды. Барлық ақпарат жасөспірімдердің денсаулыққа қатысты қауіптерді түсініп, олардан қорғану жолдарын меңгеруіне бағытталды.
Форумға бес мектептің оқушылары, «Аяжан» медициналық колледжінің және Шонжы ауылындағы политехникалық колледждің студенттері барлығы 90 жас қатысты. Қатысушылар мұндай шаралардың ақпараттандыруды арттыруға, өзіне деген сенімді нығайтуға және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау көзқарасын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Іс-шара ұйымдастырушылары ВИЧ-тің алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын жеткізді. Алдағы уақытта оқу орындарында тұрақты кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Бұл жастардың қамтылу аясын кеңейтіп, қоғамда денсаулыққа қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1108186?lang=kk