Қарасай ауданында білім беру инфрақұрылымы қарқынды дамуда
20.11.2025 08:40:19 117
Қарасай ауданында қазіргі таңда 80 мектеп жұмыс істейді. Оның 63-і – мемлекеттік, соның ішінде Әл-Фараби атындағы облыстық лицей бар. Қалған 17-сі – жеке меншік білім беру ұйымдары.
2024 жылы «Келешек мектептер» ұлттық жобасы аясында Қаскелең қаласында, Қошмамбет, Елтай, Долан, Көкөзек және Кемертоған ауылдарында тұрғындар үшін жалпы 8100 орынға арналған жаңа форматтағы 6 мектеп пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен «Өмірұзақ» тұрғын үй кешенінде 900 орындық мектептің құрылысы аяқталып, оқу процесі басталды.
2025 жылы Алмалыбақ ауылында 1500 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысы аяқталып, Білім күніне орай қолданысқа тапсырылды. Сонымен қатар «Асыл Арман» тұрғын үй кешені жанынан 2000 орындық Nomad International School ашылып, ұзақ жылдарға созылған үш ауысым мәселесін шешуге елеулі үлес қосты.
Соңғы үш жылда ауданда барлығы 12 жаңа мектеп салынды. Соның нәтижесінде үш ауысымда білім беретін мектептер саны 12-ден 1-ге дейін қысқарды. Қазіргі таңда үш ауысымды оқу тек Бұлақты ауылындағы мектепте сақталған. Жыл соңына дейін бұл елді мекенде 900 орындық «Келешек мектеп» құрылысын аяқтау жоспарланған, осылайша ауданда үш ауысымды оқыту толық жойылады.
Білім нысандарын күрделі жөндеу бағытында да жұмыстар атқарылуда. Абай ауылындағы М.Ғабдуллин орта мектебінің күрделі жөндеуі аяқталды. Шамалған ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектепте жөндеу жұмыстары қыркүйек айында басталды. Ал Қаскелең қаласындағы А.Пушкин атындағы мектептің жөндеу жұмыстарына қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Алмалыбақ ауылында орналасқан жаңа мектеп тек қазақ тілінде білім береді. 1500 орынға есептелген ғимаратта алғашқы жылы шамамен 1800 оқушы оқиды. 96 педагог еңбек ететін нысан заманауи жабдықтармен және отандық жиһаздармен толық қамтылған.
Мектеп 10 блоктан тұрады. Үлкен және кіші сыныптарға арналған төрт спортзал, жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген асханалар, кең акт залы, заманауи пән кабинеттері, химия және физика зертханалары, STEM кабинеті, VR көзілдірігі мен робототехникаға арналған құралдармен жабдықталған. Ғимаратқа Face ID жүйесі орнатылып, оқушылардың келіп-кетуі қауіпсіз бақылауға алынған.
Жеке инвестиция есебінен салынғанымен, Nomad International School-да 2000-ға жуық бала мемлекеттік жан басына қаржыландыру аясында тегін оқиды. Барлығы 2500 бала қабылданған, оның ішінде 400-ге жуық оқушы ақылы түрде білім алады. Оқу ақысы – 50 мың теңге.
Мектептің басты ерекшеліктері:
– білім беру төрт тілде жүргізіледі (қазақ, орыс, ағылшын, қытай);
– математика, физика, химия, биология пәндері тереңдетіліп оқытылады;
– спорт инфрақұрылымы күшейтілген;
– тәжірибелі жоғары оқу орындары оқытушыларының қатысуымен кәсіби дайындық ұйымдастырылады.
Жаңадан пайдалануға берілген білім нысандары Қарасай ауданындағы демографиялық өсім мен мектеп жүктемесін айтарлықтай жеңілдетті. Мәселен, Алмалыбақ ауылында бұған дейін тек Әл-Фараби атындағы лицей мен мектеп-гимназия жұмыс істеген болса, бүгінде оқушылардың басым бөлігі жаңа орта мектепке бөлінді. Дәл осындай оң өзгерістер Кемертоған ауылында да байқалады, онда Л.Толстой атындағы мектептің жүктемесі Nomad International School есебінен төмендеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1108601?lang=kk