ШЫМКЕНТТІҢ ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАРЫНДАҒЫ КӘСІПОРЫНДАР ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛАПТАРДЫ БҰЗҒАНЫ ҮШІН АЙЫППҰЛДАНДЫ
06.11.2025 02:17:59 164.png)
Шымкент қаласында соңғы жылдары индустриялық аймақтардың қарқынды дамуы байқалады. Қазіргі таңда мегаполисте жалпы аумағы 1276 гектарды құрайтын 7 индустриалды аймақ бар. Бұл аймақтарда 8 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған 312 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі қала экономикасына серпін беріп, өндіріс көлемін арттыруда. Алайда өнім көлемінің өсуімен қатар, экологиялық мәселелер де жиілеп келеді.
Қала тұрғындары соңғы уақытта индустриалды аймақтардың маңында ауа сапасының күрт төмендеуіне шағымдануда. Әсіресе «Оңтүстік» және «Ордабасы» индустриялық аймақтарының тұрғындары түрлі иістің пайда болуы, түтіннің көбеюі және шаң-тозаңның ауаға таралуы сынды проблемаларға назар аударған. Олардың айтуынша, кей кәсіпорындар экологиялық нормаларды сақтамай, қоршаған ортаға залал келтіруде.
Осыған байланысты қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы мен экология департаменті бірлесіп жоспардан тыс тексерулер жүргізді. Тексеру нәтижесінде көптеген заңбұзушылықтар анықталған.
Ведомство берген мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері 34 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 23,5 миллион теңге айыппұл салынған. Ал қазірдің өзінде қозғалған әкімшілік істер саны 50-ге жетіп, айыппұл көлемі 37,6 миллион теңгеден асқан. Оның ішінде 32,6 миллионы мемлекет кірісіне түскен.
Экология департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Сабыр Балыбектің айтуынша, тексеріс барысында 12 ірі кәсіпорынға қатысты экологиялық талаптарды бұзу фактілері анықталған. Олар — «High Industrial Lubricants & Liquids Corporation», «Қытай–Қазақстан Марганец Индустриялық тобы», «ЦветЛит», «Element 5», «ЭкоШина», «Категория ДМ», «Аламан Береке», «ENN», «Гермес-Б.Е.», жеке кәсіпкер «Хабибулла», «ТРМ», «VegaSmelting» сияқты компаниялар.
— «Тексеру нәтижесінде кәсіпорындарға 29 нұсқама берілді. Алайда бірқатар компаниялар нұсқамаларды дер кезінде орындамаған. Соның салдарынан әкімшілік кодекстің 462-бабы 3-бөлігі бойынша 4 кәсіпорынға хаттама толтырылды. Мамандырылған сот олардың жұмысына әртүрлі мерзімге тыйым салды», — деді департамент өкілі.
Бұдан бөлек, экологиялық рұқсатсыз әрекет еткені анықталған кәсіпорындарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 328-бабы 4-бөлігімен айыппұл салынып, олардың да жұмысы уақытша тоқтатылған.
Эколог мамандар тек ауаның ғана емес, қаланың су ресурстарының жағдайына да алаңдаулы. Шымкент арқылы өтетін Қошқарата, Қарасу, Бадам, Сайрамсу өзендерінде, сондай-ақ Кос-Диермен, Төгіс, Текесу және БМК каналдарында ластаушы заттардың шекті мөлшерден асқаны анықталған. Бұл тек өнеркәсіптік кәсіпорындардың ғана емес, тұрмыстық қалдықтардың да ретсіз төгілуінен болып отыр дейді мамандар.
Қаланың ең танымал демалыс орындарының бірі — Қошқарата өзені де соңғы уақытта ластанып барады. Жаз маусымында мұнда шомылушылар саны артып, демалушылардан қалған қоқыс жиналмай жатады. Тазалық жұмыстарына экологиялық еріктілердің өздері шықса да, тәртіп бұзушылар азаймай тұр.
— «Көптеген тұрғындар өзен жағасында демалғанда тазалық нормаларын сақтамайды. Қоқысты арнайы орынға тастамай, табиғатқа зиян келтіреді. Біз демалыс орындарын үнемі реттеп отырсақ та, мәселе шешілмей келеді», — дейді табиғатты қорғау белсенділері.
Сонымен қатар қала аумағында рұқсатсыз қоқыс үйінділері де аз емес. Экологтар олардың санын азайту бағытында жұмыс жүргізіп жатқанымен, кей азаматтардың жауапсыздығы жағдайды қиындатып отыр.
Шымкент қаласының әкімдігі мен экология департаменті бұл мәселелерді шешу мақсатында жаңа шараларды қолға алуда. Оның ішінде:
Өнеркәсіп орындарын қатаң бақылауға алу
Экологиялық талаптарды жүйелі түсіндіру
Лас қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру
Экологиялық мониторингті күшейту
Халықпен бірлескен сенбіліктер ұйымдастыру
Мамандардың айтуынша, табиғатты қорғауда тек мемлекеттік органдардың күш-жігері жеткіліксіз. Қоршаған ортаны ластауға жол бермеу — әр азаматтың, әр кәсіпорынның міндеті.
Экологтар тұрғындарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырады. Егер заңбұзушылық байқалса, арнайы қызметтерге хабарлау ұсынылады.
Өндірістің дамуы — экономикалық өсудің басты қозғаушысы. Бірақ сол даму табиғатқа зиян келтірмеуі керек. Шымкенттегі жағдай — экологияны сақтаудың қаншалықты маңызды екенін көрсететін айқын мысал. Қаланың келешегі үшін әркім өз үлесін қосуы қажет. Таза ауа, таза су және қауіпсіз орта — барлық тұрғынға ортақ құндылық.