Қазақстан мен Германия консулдық сала мен реадмиссия бағытында ынтымақтастықты нығайтуда
22.11.2025 15:20:22 102Берлин, 2025 жылғы 19-20 қараша – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары Данияр Ысқақовтың басшылығымен қазақ делегациясы Германия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрлігінде келіссөздер өткізді. Келіссөздерге неміс тарапынан ГФР СІМ Құқықтық және консулдық мәселелер, заңды көші-қон және кері қайтару жөніндегі уәкілі Кристиан Кляйн жетекшілік етті.
Тараптар консулдық өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын, екіжақты шарттық-құқықтық базаны кеңейту мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы визалық режимді жеңілдету жөніндегі қадамдарды егжей-тегжейлі талқылады.
Сонымен қатар ГФР Ішкі істер министрлігінде екіжақты Үкіметаралық реадмиссия туралы келісімді іске асыру мәселелері жөніндегі Жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Отырыс Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия Федералдық канцлері Олаф Шольц 2024 жылғы 16 қыркүйекте қабылдаған Ынтымақтастық туралы бірлескен декларацияны орындау аясында ұйымдастырылды. Жұмыс тобының құрамына Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Германия Федералдық ішкі істер министрлігінің өкілдері кірді.
Отырыста тараптар Реадмиссия туралы келісімді практикалық іске асыру тетіктерін, қауіпсіздік пен көші-қон саласындағы екіжақты өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады, сондай-ақ реадмиссияға жататын тұлғаларды сәйкестендіру және қайтару рәсімдерінің тиімділігін арттыру, көші-қон процестерін бақылауды жетілдіру мақсатында цифрлық құралдарды енгізу перспективаларын қарастырды.
Қазақ делегациясының Берлинге сапарының қорытындысы бойынша тараптар консулдық және көші-қон мәселелерінің барлық бағыты бойынша ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бейілділігін растады, сарапшылық деңгейдегі қарқынды диалогты сақтаудың маңыздылығын атап өтті және Қазақстан мен Германия арасындағы достық байланыстардың жүйелі түрде нығайып келе жатқанын ерекше атап көрсетті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1110477?lang=kk