24 қараша – әскери-ғылыми қызметкер және әскери педагог күні
24.11.2025 16:50:45 21
Бұл мереке 1997 жылғы 24 қарашада Қорғаныс министрінің «Қарулы күштер үшін педагогикалық және ғылыми кадрларды дайындау туралы» бұйрығының шығуымен байланысты.
Әскери салаға арналған жоғары білікті мамандарды дайындау – еліміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің әскери білім беру жүйесіне түрлі деңгейдегі тоғыз оқу орны кіреді. Олардың жұмысын Әскери білім және ғылым департаменті үйлестіріп отырады. Департаменттің негізгі міндеті – кәсіби әскери кадрлар даярлау деңгейін қамтамасыз ету, отандық әскери-ғылыми мектепті дамыту және профессорлық-оқытушылар құрамының ғылыми дәрежесін арттыру.
Қазіргі таңда педагогикалық, ғылыми-зерттеу және ізденіс бағытында 7 ғылым докторы, 61 ғылым кандидаты және 76 философия докторы (PhD) қызмет етеді.
Кәсіби мерекеге орай елордадағы армия генералы С. Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде салтанатты жиын өтті. Оған Қорғаныс министрлігінің басшылығы, профильдік департамент өкілдері, әскери оқу орындарының жетекшілері, ғалымдар, педагогтар және Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.
Сала мамандарын кәсіби мерекемен Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, вице-адмирал Серік Борамбаев құттықтады.
– Білікті кадрлар дайындау мен әскери білім беру жүйесін дамыту – Қорғаныс министрлігінің басты басымдықтарының бірі. Бұл елдің қорғаныс қабілетіне тікелей әсер етеді. Қазіргі әскери мамандардың кәсіби деңгейі әскердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығы жөніндегі міндеттерді табысты орындауға мүмкіндік береді. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен қызметке деген адалдықтарыңыздың арқасында Қазақстанның әскери ғылымы мен білімі заманауи талаптарға сай дамып келеді, – деді вице-адмирал С. Борамбаев.
Жиында әскери жоғары оқу орындары басшыларының әріптестеріне арналған бейнеқұттықтаулары ұсынылды. Олар әскери педагогтарға Отан қорғаушыларды тәрбиелеу мен оқыту жөніндегі маңызды миссияны абыроймен атқаруға, ал әскери-ғылыми қызметкерлерге ел қауіпсіздігін нығайту жолында жаңа жетістіктерге қол жеткізуді тіледі.
Кәсіби мереке аясында бірқатар педагогтар мен ғалымдар «Ел қорғаны» ведомстволық медалімен, Қорғаныс министрінің атынан грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1111315?lang=kk