Сауда министрлігі азық-түлік нарығын тұрақтандыруға арналған жаңартылған шаралар пакетін талқылады

Сауда министрлігі азық-түлік нарығын тұрақтандыруға арналған жаңартылған шаралар пакетін талқылады

25.11.2025 11:10:43 54

24 қарашада Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев инфляция деңгейін тежеу мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиынға Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері, қаржылық мониторинг агенттігі мен өңір әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Кеңес барысында министр жыл басынан бері 160 негізгі азық-түлік тауарлары бойынша баға өсімі 11 пайызға жеткенін атап өтті. Дегенмен әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің баға индексі тұрақты. Қараша айының үш аптасында өсім минииал 0,1 пайызды құрады. Апта сайынғы мониторинг, өндірушілер және сауда желілерімен тікелей жұмыс, мемлекеттік бақылау мен тұрақты жәрмеңкелер бағаны ұстап тұруда маңызды рөл атқаруда.

Кеңесте Сауда министрінің бірінші орынбасары Айжан Бижанова азық-түлік қоржынының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесін кеңейту мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Тізбе құрамына қосымша көкөніс, жеміс-жидек, сүт, ет және балық өнімдерін енгізу ұсынылуда. Бұл шара шекті сауда үстемесін кең ауқымды тауарларға қолдануға және делдалдық тізбектің ықпалын азайтуға мүмкіндік береді. Жаңа тізбе мемлекеттік органдармен, «Атамекен» ҰКП-мен, салалық қауымдастықтармен, сауда желілері мен импорттаушылармен талқыланады.

Сонымен қатар өңірлер бөлінісінде азық-түлік тауарларын ірі көлемде импорттайтын компаниялар мен оларды жеткізушілердің тізімі айқындалды. Бағаны тұрақтандыру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және импорттың ашықтығын қамтамасыз ету бағытында орталық және өңірлік деңгейде келіссөздер өткізу жоспарланып отыр.

Талқылау барысында министр Арман Шаққалиев өңірлердің жұмысына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бүгінде әрбір өңірге инфляцияға ең көп ықпал ететін негізгі тауарлардың тізімі ұсынылады және жаңа тәсілдің қағидаты түсіндіріледі.

«Біз әр тауар бойынша нақты жағдайды көрсететін алгоритм жасадық. Ол баға қай фактордан өсіп жатқанын – логистика ма, маусымдық құбылыс па, импорт па, әлде өндіріс пен тұтыну теңгерімі ме – толық көрсетеді. Мұндай тәсіл жедел әрекет етуге және негізсіз қымбаттаудың алдын алуға мүмкіндік береді. Әсіресе тікелей реттеуге жатпайтын тауарлар үшін бұл аса маңызды. Басты мақсат – әр өңірде тұрақтылықты қамтамасыз етіп, әр отбасы жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесін сезінуі», – деді Арман Шаққалиев.

Кеңесте жәрмеңкелер мен «Береке Fest» форматындағы ауқымды акцияларды жалғастыру мәселесі де қаралды. Мұндай іс-шаралар халықты қолжетімді ет, көкөніс және басқа да әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Астана тәжірибесін негізге ала отырып, арзандатылған еттің тікелей жеткізілімін кеңейту жоспарлануда.

Сонымен бірге Иран, Пәкістан, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстаннан жеміс-көкөніс өнімдерін жеңілдетілген тәртіппен импорттау тетігі сақталатыны расталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1111751?lang=kk