Қазақстан мен Түркіменстан көкөністер мен жемістерге арналған «жасыл дәлізді» кеңейтуде

Қазақстан мен Түркіменстан көкөністер мен жемістерге арналған «жасыл дәлізді» кеңейтуде

25.11.2025 17:20:46 53

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Түркіменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамырат Гелдимырадовпен кездесті. 

Вице-премьер Түркіменстан Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды әріптесі екенін атап өтті. Соңғы бес жылда екі ел арасындағы тауар айналымы төрт есе өскен, ал соңғы екі жылдағы өзара сауда тұрақты түрде $500 млн-нан асып тұр. Мемлекет басшылары алға қойған тауар айналымын $1 млрд-қа дейін жеткізу мақсатын ортамерзімді перспективада еркін орындауға болады.

Келіссөздердің жеке бір блогы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасына арналды. 2025 жылғы 9 айда Түркіменстанға қазақстандық экспорт негізінен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және қайта өңделген өнімдерді жеткізу есебінен $221,7 млн құраған. 2025 жылы экспорт ұн, өсімдік майы және басқа да өңделген тауарлардың көбеюіне байланысты өсті.

Экспорттағы агроөнеркәсіп тауарларының үлесі тұрақты түрде 30%-дан асады. Қазақстан бидай ұны, күнбағыс майы, бидай, макарон өнімдері, маргарин, шай концентраттарын жеткізеді.

Серік Жұманғарин тауарларды жеткізу көлемін ұлғайтуды және бидай, жүгері, жасымық, бұршақ, соя, күнбағыс майы, ұн, қант және басқа да өнімдерден тұратын агроөнеркәсіп өнімінің түрлерін көбейтуді ұсынды.

Түркіменстаннан импорт та өсуде: 2025 жылғы 9 айда ол $141,9 млн-ға жетті. Табиғи газдан басқа жемістер мен көкөністер де жеткізіледі. 2025 жылы қызанақ көлемі 30 мың тоннадан асты, ол – Түркіменстаннан келетін  импорт құрылымындағы екінші маңызды тауар.

«Біз жеміс-көкөніс өнімдерінің біздің нарықта болғанына мүдделіміз. Сіздер жеткізетін барлық нәрсе — қызанақ, жеміс, көкөністі біз «жасыл дәліз» аясында қабылдауға дайынбыз», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Кездесуде көлік-логистикалық жобаларды дамытуға ерекше назар аударылды. Ходжамырат Гелдимырадов Гератпен шекарада құрғақ порт құрылысының басталғаны туралы хабарлады және Қазақстанды осы жобаға қосылуға шақырды.

Тараптар сондай-ақ «Герат – Тургунди» теміржол желісінің құрылысын қоса алғанда, Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан-Пәкістан транзиттік дәлізін қалыптастыру перспективаларын талқылады. Серік Жұманғарин мен Ходжамырат Гелдимырадов бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға, елдер арасындағы интеграцияны кеңейте отырып, көлік, сауда және логистикалық байланыстарды дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыруға ниетті екендерін растады.

Анықтама:

2025 жылғы қаңтар–қыркүйекте Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы тауар айналымы $363,6 млн құрады, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5,4%-ға артық ($345 млн). Экспорт $221,7 млн (+6,8%), импорт $141,9 млн (+3,2%).

2024 жылы Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы тауар айналымы $555,7 млн құраған болатын, оның ішінде экспорт – $335 млн, импорт – $220,7 млн.

https://primeminister.kz/news/kazakstan-men-turkimenstan-kokonister-men-zemisterge-arnalgan-zasyl-dalizdi-keneitude-30759 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1112267?lang=kk