Әскерилер майдангер Виктор Изюмниковты 101 жасқа толғанымен құттықтады
26.11.2025 09:30:46 23
Алматыда Қарулы күштердің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері Виктор Карпович Изюмниковты 101 жасқа толған туған күнімен құттықтады.
Алматы қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің және Медеу ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының өкілдері майдангерге барып, Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың атынан құттықтау хатын табыс етті.
– Сіздің бүкіл ғұмырыңыз – Отанға жанқиярлықпен қызмет етудің өнегесі. Сізге жауынгерлік ісіңіз үшін ғана емес, бейбіт уақытта еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан ерен еңбегіңіз үшін алғыс айтамыз. Сізге шын жүректен зор денсаулық, сергектік және амандық тілейміз, – деді қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Нұржан Естаев.
Виктор Карпович 1942 жылы әскер сапына алынды. Әскери байланыс мектебінде оқығаннан кейін ол әуе-десанттық әскерлеріне жіберілді. 106-шы атқыштар дивизиясы 355-ші гвардиялық атқыштар полкінің құрамында Будапешт үшін ұрыстарға қатысты, Венаға шабуыл жасап, Венгрияда шайқасты. Қазақстандық аға сержант болып жүріп, радиостанция бастығы лауазымында Чехословакия шекарасындағы Зноймо қаласын азат ету кезінде жеңісті қарсы алды. Оның II дәрежелі Отан соғысы ордені, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалі және бірқатар мерейтойлық наградалары бар.
Демобилизациядан кейін Виктор Карпович өмірін Қазақстанның халық шаруашылығына арнады. Тың игеруге қатысып, ауыл шаруашылығы саласында басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. Экономика ғылымдарының кандидатының көп жылғы еңбегі Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл ту, «Құрмет белгісі» және «Құрмет» ордендерімен марапатталды.
Виктор Карповичтің өмір жолында көрсеткен табандылығы мен адалдығы қазақстандықтардың бірнеше буынына үлгі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1112522?lang=kk