Алматы облысында жастарды есірткі қылмысынан қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді

Алматы облысында жастарды есірткі қылмысынан қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді

26.11.2025 11:10:42 39

Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде жастарды есірткі қылмысына тарту қаупінің алдын алу және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиында аталған бағыттар бойынша атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстардың барысы мен негізгі міндеттер таныстырылды. Іс-шараға Алматы облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Дастан Жексенбеков және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының» психологы Динара Қуатбекова қатысты.

Дастан Жексенбековтың айтуынша, өңірде синтетикалық есірткіні интернет арқылы тарату деректері әлі де өзекті. Қылмыстық топтар жасөспірімдерді көбіне мессенджерлердегі анонимді арналар мен «курьерлік жұмыс» деген жалған ұсыныстар арқылы алдап, құқықбұзушылыққа тартып жатады.

Спикер ұсынған мәліметтерге сәйкес, жыл басынан бері облыста жастар арасында кең көлемді профилактика жүргізілген. Оның ішінде:

• 360-тан астам мектеп және колледж кездесулері
• 1000-нан астам есірткі жарнамасын жою
• «Кибернадзор» жүйесімен онлайн арналарды бақылау
• 121 еріктілер акциясы
• әлеуметтік желілерде 414 ақпараттық материал жариялау

- Басты мақсатымыз – қылмысты анықтау ғана емес, жастарды есірткі бизнесінің ықпалынан алдын ала қорғау. Ең үлкен қауіп – жасөспірімдердің жеңіл табысқа тез алдануы», – деді Дастан Жексенбеков.

Сондай-ақ Динара Қуатбекова тұрмыстық зорлықтың алдын алуда психологиялық қолдаудың рөлі зор екенін атап өтті. Айтуынша, көптеген жасөспірімдер мен әйелдер отбасындағы эмоционалды қысым, агрессия, травмалық жағдайлар нәтижесінде қиын күйге түсіп, кейде есірткіге қызығушылық танытуы да мүмкін.

Орталықта жәбірленушілерге жан-жақты көмек көрсетіледі: психологиялық консультациялар, диагностика, қолдау топтары, дағдарыстық жағдайда шұғыл көмек, әлеуметтік-психологиялық патронаж.

Мамандар жастарды есірткі қылмысынан және зорлық-зомбылық қауіпінен қорғауда ата-аналар, білім беру ұйымдары, полиция және әлеуметтік қызметтердің бірлескен әрекетінің маңызын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1112695?lang=kk