Серік Жұманғарин Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесінің V отырысын ашты

Серік Жұманғарин Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесінің V отырысын ашты

28.11.2025 15:52:02 95

Бүгін Астанада вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесінің V отырысын ашты.

Өз сөзінде ол Швейцария Қазақстан экономикасындағы жетекші инвестордың бірі болып қала беретінін атап өтті. Швейцариялық компаниялар энергетика, машина жасау, тамақ және фармацевтика өнеркәсібінде, бірқатар технологиялық салада жұмыс істейді.

2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен $1,1 млрд-ты құрады. Қазақстан машина жасау, фармацевтика, медицина және биотехнология, цифрландыру, көлік-логистикалық инфрақұрылым мен жаңартылатын энергия көздері салаларында швейцариялық бизнестің қатысуын арттыруға ниетті. Вице-премьер Қазақстанның инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасауға дайын екенін атап өтті.

Екі ел ынтымақтастығындағы маңызды жобаның бірі – Астанадағы «Штадлер Қазақстан» компаниясының базасында жолаушылар вагоны өндірісін локализациялау. Бүгінде 557 жоғары технологиялық вагон жеткізуге келісімшарт жасалды. Оның алғашқы тобы жыл соңына дейін жеткізіледі.

Серік Жұманғарин Қазақстан Швейцарияның, соның ішінде Лугано қаласының, цифрлық валютаны дамытудағы және блокчейн технологиясын қолданудағы тәжірибесіне қызығушылық танытатынын бөлек атап өтті.

«Қазақстан – бүгінде өнеркәсіптік кластер қалыптастыруға дайын алаң. Біз консорциумдар құруға, технологиялық кооперацияны дамытуға дайынбыз», — деді вице-премьер.

Отырыс соңында қатысушылар ынтымақтастықты дамытуға және өзара іс-қимылдың әртүрлі саласында екіжақты сауда-экономикалық қатынасты нығайтуға бағытталған бірқатар құжат пен келісімге қол қойды.

Анықтама:

Қазақстан-Швейцария іскерлік кеңесі (ҚШІК) — екі елдің іскер топтары арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін 2012 жылы құрылған үйлестіру және консультациялық орган.

ҚШІК-нің негізгі міндеттері:

сауда-инвестициялық өзара іс-қимылды нығайту;

Қазақстан мен Швейцария бизнесі арасындағы тікелей байланыс пен ақпарат алмасуды қолдау;

сауда-экономикалық ынтымақтастықтағы кедергілерді жою;

бизнес жүргізу жағдайын жақсарту бойынша ұсынымдар дайындау.

Ынтымақтастықтағы басым бағыттар: энергетика, машина жасау, КТО және кадрлар даярлау, өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды басқару, фармацевтика, теміржол көлігі.

https://primeminister.kz/news/serik-zumangarin-kazakstan-sveicariia-iskerlik-kenesinin-v-otyrysyn-asty-30772 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1115073?lang=kk