Сауда министрлігі мерекелік кезеңде азық-түлік бағасының тұрақты ұстауға басымдық береді
28.11.2025 16:21:14
59
26 қарашада Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің төрағалығымен 80 ірі сауда желісінің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінің қатысқауымен жиын өтті. Кездесуде жыл сайын жаңа жыл қарсаңында маусымдық сұраныс артқанда азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланды.
Министр азаматтардың әл-ауқаты мен нарықтың тұрақты дамуы үшін бағаның тұрақтылығын сақтау аса маңызды екенін атап өтті. Азық-түлік тауарларының үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарыққа өнімдерді жедел кіргізуге мүмкіндік беретін «жасыл дәліз» іске қосылған. Сонымен қатар, қорларды уақтылы толықтыруға бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктері де жұмыс істеп тұр.
Кездесуде мереке қарсаңында «Береке Fest» акциясының жаңа кезеңі басталатыны жарияланды. Бұл акция бұған дейін бірқатар өнімдердің бағасын төмендетіп, олардың қолжетімділігін арттыруға ықпал еткен. Жаңа кезеңнің мақсаты – нарықтағы баға тұрақтылығын қолдау және тұтынушылар үшін қолайлы жағдай жасау.
Сауда желілері аталмыш бастамаға қатысуға дайын екенін білдіріп, қызмет көрсету сапасын жақсарту және тауарлардың қолжетімділігін арттыру бағытында ынтымақтастықты жалғастыруға әзір екенін жеткізді.
Жергілікті атқарушы органдар халыққа қолжетімді бағамен өнім ұсынылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыруды жалғастырады. Мұндай жәрмеңкелер сатып алушылардың таңдау мүмкіндігін кеңейтіп, нарықтағы тұрақтылықты сақтауға қосымша үлес қосады.
Сауда және интеграция министрлігі бизнес өкілдерін серіктестікті нығайтуға, маусымдық акцияларға белсенді қатысуға және мерекелік кезеңде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге шақырады.