Серік Жұманғарин Азия даму банкінің Орталық және Батыс Азия бойынша бас директорымен кездесті

Серік Жұманғарин Азия даму банкінің Орталық және Батыс Азия бойынша бас директорымен кездесті

04.12.2025 11:30:35 105

Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Азия даму банкінің (АДБ) Орталық және Батыс Азия бойынша бас директоры Лея Гутьерреспен кездесті.

Серік Жұманғарин Лея Гутьерресті жылы қарсы алып, осы жылғы шілдеде қызметке тағайындалуымен құттықтады. Ол 1994 жылдан бері жалғасып келе жатқан көпжылдық әріптестіктің маңызын атап өтті.

«Азия даму банкі біз үшін стратегиялық әріптес. Ынтымақтастық кезеңінде Банк көлік, энергетика, ШОБ, цифрлық даму, әлеуметтік бірқатар маңызды жобаны қаржыландырды. Бүгінгі кездесу әріптестігімізді одан әрі нығайтуға, жаңа перспективалық бастамаларды жүзеге асыруға ықпал ететініне сенімдіміз. АДБ-ның Қазақстан бойынша 2023–2027 жылдарға арналған елдік стратегиясының негізгі басымдықтары біздің ұлттық басымдыққа толық сәйкес келетінін атап өткім келеді. Қазақстан бұдан әрі де осы стратегияны тиімді жүзеге асыруды қолдамақ», — деді ол.

Ынтымақтастық орнаған сәттен бастап АДБ Қазақстанға техникалық көмек пен грант түрінде $7 млрд-тан аса қарыз берді.

Өз тарапынан Лея Гутьеррес қазақстандық тарапқа сындарлы диалог үшін алғыс білдіріп, АДБ Жарғысына түзету бойынша дауыс беру кезінде Қазақстанды қолдаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Қажетті дауыс беру шегіне жетудің нәтижесінде түзету Банктің кредиттеудің жиынтық көлемін 50%-ға — $36 млрд-тан асыруға мүмкіндік береді. Оның айтуынша, бұл шешім АДБ-ның дамушы мүше елдердің дамудағы басым міндеттерін шешудегі күш-жігерін қолдауды едәуір кеңейтеді.

«Біздің ынтымақтастығымыздың барысында 1994 жылдан бастап АДБ Қазақстанға $7 млрд-тан көп қаражат берді. Біз дәстүрлі бағытта да, жаңа секторда да әріптестікті одан әрі арттыруға сенеміз», — деп атап өтті ол.

Ол сондай-ақ биыл АДБ стратегиялық материалдардың құн тізбегін қолдауға арналған аса маңызды минералдар саласындағы жаңа саясатты жүзеге асыруға кіріскенін хабарлады. Банк осы салада тұрақты әлеуеті бар Қазақстандағы жаңа жобаларды зерделеуге дайын.

Вице-премьер сондай-ақ Қазақстан Үкіметі АДБ, ЕАДБ, ЕҚДБ және Дүниежүзілік банкті қосқанда, халықаралық қаржы ұйымдарының үздік әлемдік тәжірибесі мен ұсынымдарын ескере отырып, МЖӘ туралы заңнаманы жетілдіруде жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.

Соңында тараптар көлік және өнеркәсіптік инфрақұрылымда, технологияда, энергетикада, сыни материалдар саласында, тұрғын үй құрылысында және басқа да сектордағы ынтымақтастықтың ағымдағы және перспективалық бағытын талқылады.

Анықтама:

Азия даму банкі (АДБ) – 69 мүше елден тұратын көпжақты даму қаржы институты. Оның 50-і Азия-Тынық мұхиты аймағында және 19-ы одан тыс жерде орналасқан. Қазақстан 1994 жылғы 19 қаңтарда АДБ мүшесі болды. АДБ-ның негізгі құралдары нақты жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру үшін мүше елдердің үкіметтері мен жеке секторына берілетін қарыздар, гранттар, техникалық көмек. 1994–2024 жылдар аралығындағы АДБ-ның Қазақстандағы инвестициялық жобалар мен техникалық көмекті қаржыландыру көлемі $7 млрд-тан асады.

https://primeminister.kz/news/serik-zumangarin-ortalyk-zane-batys-aziia-boiynsa-aziia-damu-bankinin-bas-direktorymen-kezdesti-30810 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1118779?lang=kk