Қызылорда облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылуы талқыланды
04.12.2025 17:10:25 83
Қызылорда облысында Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы қаралды. Жиында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков жобаның негізгі бағыттары мен атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Қызылорда облысында 447 мыңға жуық тұрғын (53%) ауылдық жерлерде тұрады. Жоба басталғалы бері ауылдарда 782 жоба жүзеге асырылып, 1,1 мың жұмыс орны ашылды. Биылға 5,5 млрд теңге бөлінді. Әсіресе өнімді өндіруден бастап өткізуге дейін толық циклмен жұмыс істейтін қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдауға басымдық беріліп отыр.
2026–2028 жылдары ауылдарды дамыту жұмыстарын одан әрі күшейту үшін жалпы 450 млрд теңге бөлу жоспарланған. Оның 21,2 млрд теңгесі Қызылорда облысына тиесілі. Аталған қаражат есебінен 1 мыңнан аса жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл өңірдің ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті кеңейту мен кооперацияны дамытуға зор әлеуеті бар екенін көрсетеді.
Жиында кооперативтерді басым бағыт ретінде қолдау мәселесі де жеке қаралды.
«Мемлекет басшысы жақында өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасында ауыл экономикасының тұрақты дамуы тікелей кооперативтердің тиімді жұмысына байланысты екенін атап өтті. Кооперативтерді құру процесі еліміз бойынша белсенді жүргізілуі тиіс, ал облыс әкімдіктерінің үйлестіру жұмысы қатаң бақылауда болуы қажет», — деді Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер Ауыл шаруашылығы министрлігіне Ұлттық экономика министрлігімен және облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, екі апталық мерзімде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды ынталандыруға бағытталған қажетті шараларды пысықтауды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1119226?lang=kk