Астанада Әуе қорғанысы күштерінің ардагері Көпен Ахмадиевті мерейтойымен құттықтады
06.12.2025 18:20:31 168
Ұлттық әскери-патриоттық орталықта Әуе қорғанысы күштерінің тұңғыш бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Көпен Ахмадиевтің 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мерейтой иесін құттықтауға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер, сондай-ақ туған-туыстары мен жақын достары келді.
– Генерал Ахмадиев еліміздің Қарулы күштерін дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Оның кәсіби шеберлігі, қайсарлығы мен қызметке адалдығы жаңа буын әскери қызметшілер үшін әрдайым үлгі болып қала береді. Көпен Қабылқасымұлы сынды офицерлердің арқасында Қазақстанда заманауи әрі тиімді әуе қорғанысы жүйесі қалыптасты, – деді құттықтау сөзінде Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.
Іс-шара барысында қатысушылар Көпен Ахмадиевтің қызмет жолын, жастық шағын, ұлттық Қарулы күштердің құрылу кезеңіне байланысты жарқын сәттерін еске алды. Әріптестері оның адамгершілігін, өзіне де, қарамағындағы қызметкерлерге де қатаң талап қоя білетінін, ұжымды біріктіріп, әрқашан алдыңғы шепте жүретін қайраткерлігін ерекше ықыласпен атап өтті.
Өз тарапынан Көпен Қабылқасымұлы жиналғандарға ризашылығын білдірді.
– Бүгінгі қуанышты күні жанымнан осынша қымбат жандарды көру – мен үшін үлкен мәртебе. Құрмет пен қолдау, достық сипаттағы жылы сөздері – мен үшін ең үлкен сый. Сіздермен бірге қызмет етіп, армиямызды дамыту жолында үлес қосқаным үшін кеудемді мақтаныш кернейді, – деді ол.
Көпен Ахмадиев – ұлттық әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің қалыптасуы мен дамуына тікелей үлес қосқан офицерлердің бірі. Ол Орджоникидзе қаласындағы Исса Плиев атындағы зенитті-зымыран училищесін және Маршал Г. К. Жуков атындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери командалық академиясын тәмамдаған. Кеңес әскері құрамында Қиыр Шығыста, Барнауыл мен Томскіде қызмет атқарған.
1992 жылдың күзінде туған топырағына оралып, полк командирі, ӘШҚҚ әскерлерінің штаб бастығы, кейін Әуе қорғанысы күштері Бас штабының бастығы қызметтерін атқарды. 2001-2007 жылдар аралығында генерал-лейтенант Ахмадиев Әуе қорғанысы күштерін басқарды. Оның жетекшілігімен қару-жарақ пен әскери техниканы жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді, жауынгерлік және кәсіби дайындыққа қойылатын талаптар күшейді, халықаралық әскери ынтымақтастық жанданды. Дәл осы кезеңде Әуе қорғанысы күштері армияның ең даяр әрі технологиялық тұрғыдан жабдықталған құрылымдарының біріне айналды.
Мемлекетке сіңірген еңбегі үшін Көпен Ахмадиев ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен және көптеген медальдармен марапатталған.
Бүгінде отставкадағы генерал-лейтенант К. Ахмадиев әскери ғылым мен қорғаныс өнеркәсібін дамытуға белсенді атсалысып, мамандарға кеңес беріп, сарапшылық жұмыстарға қатысуды жалғастыруда. Жас офицерлерге бай тәжірибесін аямай бөлісіп, әскери ортада әрдайым сыйлы және беделді тұлға болып қала береді.
Іс-шара мерекелік концертпен аяқталды. Жиналғандар Көпен Ахмадиевтің есімі еліміздің Қарулы күштері тарихында сөзі мен ісі үйлескен, өмірін Отанға қызмет етуге арнаған офицер ретінде құрметті орын алатынын тағы бір мәрте атап өтті

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1120465?lang=kk