Астанада «Жас сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестивалінің жеңімпаздары анықталды

Астанада «Жас сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестивалінің жеңімпаздары анықталды

08.12.2025 08:40:23 75

Қазақстан Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық әндер мен шығармашылық фестивалінің қорытынды кезеңі өтіп, үздік жас өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар анықталды.

Биыл 28-ші рет ұйымдастырылған ауқымды мәдени іс-шара Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналды.

Байқауға еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам жас дарынды біріктірген 27 команда қатысып, өзара бақ сынады.

Өнер байқауына «Жас сарбаз» республикалық қозғалысының тәрбиеленушілері, Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери-патриоттық клуб мүшелері, Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери колледждердің кадеттері, сондай-ақ «Арыстан» мамандандырылған лицейінің оқушылары қатысты.

Фестиваль «Вокалдық орындаушылар», «Фольклорлық орындаушылар» және «Вокалды-аспаптық ансамбльдер» секілді үш негізгі номинация бойынша өтті. Қатысушылардың өнерін кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы бағалады. Құрамына Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің шығармашылық өкілдері кірген қазылар алқасына капитан Марс Жалғасбаев төрағалық етті.

Салтанатты марапаттау рәсімінде «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов жас өнерпаздарды құттықтап, бұл фестивальдің жас буынның бойында отаншылдық рухты қалыптастыруға, достықты нығайтуға және дарынды балаларды қолдауға зор үлес қосатынын атап өтті.

Бұл жолғы фестивальдің бас жүлдесін «Арыстан» мамандандырылған лицейінің «Вокалдық-аспаптық ансамблі» жеңіп алды.

 «Вокалдық орындаушылар» номинациясы бойынша 1-орын Түркістан қаласының Нәзір Төреқұлов атындағы № 8 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Елдос Бақдәулетке бұйырды.

Бұл номинациядағы 2-орынды Шымкент қаласы Саттар Ерубаев атындағы № 24 IT мектеп-лицейінің оқушысы Батырхан Байданов иеленді. Ал «Арыстан» мамандандырылған лицейінің вокалдық тобы жүлделі 3-орын иегері атанды.

«Фольклорлық орындаушылар» номинациясында Түркістан қаласы Әйтеке би атындағы № 26 жалпы орта білім беретін мектебінің фольклорлық ансамблі үздік атанды. Ал «Арыстан» мамандандырылған лицейінің домбырашылар тобы 2-орынды иеленді. 3-орынды Арнайы операциялар күштері «Жаубасар» әскери-патриоттық клубының мүшесі Мақсат Әбілдинов еншіледі.

«Вокалды-аспаптық ансамбльдер» номинациясында Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық балалар музыка мектебінің өнерпаздары топ жарды.

Жүлделі 2-орынды Түркістан қаласы № 28 мектеп лицейінің «Жігер» тобы иеленді. 3-орынға Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауылындағы Шоғы Мұнайлы атындағы № 5 жалпы білім беретін мектебінің  «Shogy этно-бэнд» тобы ие болды.

Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Сарыөзек филилалы балалар студиясының хоры және армия генералы Сағадат  Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің «Қыран» тобы» «Көрермен көзайымы» сыйлығын иеленді.

Талдықорған қаласындағы № 29 орта мектеп-лицейінің оқушысы Нұрсәт Қарақас «Патриотық әнді үздік орындағаны үшін» сыйлығымен марпатталды. Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 12740 әскери бөлімінің триосы «Үздік авторлық орындау» шеберлігімен ерекшеленді.

Салтанатты жиын лауреаттардың қатысуымен өткен әсерлі гала-концертпен қорытындыланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1120558?lang=kk