ШЫМКЕНТТЕ «ALSERA KZ» ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІНДЕ АЛҒАШҚЫ ҚЫЗАНАҚ ӨНІМІ ЖИНАЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ «ALSERA KZ» ЖЫЛЫЖАЙ КЕШЕНІНДЕ АЛҒАШҚЫ ҚЫЗАНАҚ ӨНІМІ ЖИНАЛДЫ

20.11.2025 15:35:40 230

Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласының жаңа жетістігі ретінде ерекше маңызды оқиға орын алды. 20 қараша 2025 жылы «Alsera KZ» жылыжай кешенінде алғашқы қызанақ өнімі жиналып, аграрлық сектордағы ірі жобалардың бірі ресми түрде жұмысын бастады. Бұл шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Түркия Республикасының Түркістан қаласындағы Бас консулы Левент Гюржан, сондай-ақ «Alarko Holding» компаниясының басқарма төрағасы Иззет Гарих бастаған түркиялық инвесторлар қатысты.

Жылыжай кешенінің ашылуы – тек Шымкенттің емес, жалпы еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі маңызды кезеңдердің бірі. Өйткені «Alsera KZ» жобасының жүзеге асуы аграрлық өндірісте жоғары технологияларды енгізу, импортқа тәуелділікті азайту және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейту тұрғысынан үлкен рөл атқарады.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өз сөзінде бұл жобаның елімізге тартылған ірі инвестициялардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Alarko Holding» сынды беделді халықаралық компанияның Қазақстанда ауқымды жобаны жүзеге асыруы – шетелдік инвесторлардың еліміздің экономикасына деген сенімінің айқын белгісі.

«Бұл жылыжай кешені – Қазақстанның аграрлық секторындағы жаңа белес. Оның ашылуы тәжірибе алмасуға, жаңа технологияларды енгізуге және ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, жобаның іске асуы арқылы азық-түлік қауіпсіздігі күшейіп, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету мүмкіндігі артады. Мемлекет әрқашан инвесторлармен тығыз жұмыс істеуге, жобаның барлық кезеңдерінде қолдау көрсетуге дайын», — деді министр.

Министр атап өткендей, соңғы жылдары Қазақстан ауыл шаруашылығы саласын дамытуды басты басымдықтардың біріне айналдырған. Су үнемдеу, өнімділікті арттыру, заманауи технологияларды енгізу және экспорттық әлеуетті ұлғайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы тұрғыда «Alsera KZ» жылыжай кешені саланы жаңғыртудың нақты мысалы саналады.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов өз кезегінде жобаның Шымкент үшін стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Ол инвесторларға алғысын білдіре отырып, Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту, оның ішінде су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған озық технологияларды қолдану жөніндегі тапсырмаларының іске асырылуы осы сияқты жобалар арқылы көрініс табатынын айтты.

«Бұл жылыжай кешені – Шымкент қаласының аграрлық әлеуетін арттырудағы маңызды қадам. Кешенде су үнемдейтін инновациялық технологиялар қолданылады, бұл өңірдегі су тапшылығы мәселесін ескере отырып, ерекше мәнге ие. Сонымен бірге, кешен жүздеген адамды тұрақты жұмыспен қамтып, өңір экономикасына жаңа серпін береді», — деді Айдын Мейрамбекұлы.

Жоба аясында салынған жылыжай кешені халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Мұнда тамшылатып суару, климаттық жағдайды автоматты реттеу, өсімдіктерді қоректендірудің заманауи жүйелері сияқты жоғары технологиялар енгізілген. Бұл тәсілдер өнімнің сапасын жақсартуға ғана емес, өсімдіктердің ауруға төзімділігін арттыруға, жалпы өнімділікті көбейтуге мүмкіндік береді.

Алғашқы жиналған қызанақтар — жоғары сұранысқа ие, экологиялық таза, заманауи талаптарға сай өсірілген өнім. Болашақта жылыжай кешені ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімнің бір бөлігін көршілес мемлекеттерге экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға қолайлы жағдай жасайды.

Іс-шара барысында «Alarko Holding» басқарма төрағасы Иззет Гарих Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың артып келе жатқанын айтып, жобаның табысты жүзеге асуына жергілікті атқарушы органдардың қолдауы зор ықпал еткенін атап өтті. Оның айтуынша, компания алдағы уақытта да Қазақстанда жаңа жобаларды қолға алуға мүдделі.

Түркия Республикасының Бас консулы Левент Гюржан да жылы лебізін білдіріп, аталған жобаның екі ел арасындағы достық пен өзара тиімді серіктестіктің нығайуына үлес қосатынын баса айтты.

Жалпы көлемі ондаған гектарды құрайтын «Alsera KZ» жылыжай кешені өңірдің агроөнеркәсіптік картасында жаңа нысан ретінде ерекше орын алады. Жобаның іске қосылуы арқылы Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-техникалық прогресс қарқын алып, аграрлық бағыттағы кәсіпкерліктің дамуына серпін берілмек.

Сонымен қатар, жылыжай кешені жергілікті халықты жұмыспен қамту мәселесін шешуге де айтарлықтай үлес қоспақ. Мамандардың айтуынша, кешен толық қуатында жұмыс істеген кезде жүздеген жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруына оң әсер етеді.

Осылайша, «Alsera KZ» жылыжай кешенінде алғашқы өнімнің жиналуы — Шымкент қаласы мен бүкіл еліміздің аграрлық секторындағы елеулі оқиға. Бұл Қазақстанның өңірлік деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде де ауыл шаруашылығы өндірісін жаңа сапалық деңгейге көтеруге ұмтылғанының көрінісі. Заманауи технологияларға негізделген бұл жоба ауыл шаруашылығы саласының даму бағытын айқындап, болашақта еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуетін одан әрі арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз.