Қорғаныс министрі «Голос. Дети» байқауының финалисі Жасмина Тузелованы құттықтады

Қорғаныс министрі «Голос. Дети» байқауының финалисі Жасмина Тузелованы құттықтады

10.12.2025 12:41:06 136

«Жас сарбаз» балалар студиясының тәрбиеленушісі Жасмина Тузелова Мәскеуде өткен «Голос. Дети» шоуының он екінші маусымында үшінші орынға ие болды.

Астанаға оралған соң Қорғаныс ведомствосының басшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов он екі жастағы Жасмина Тузеловамен кездесіп, маңызды жетістігімен құттықтады.
Кездесу басында «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушісі туралы бейнеролик көрсетілді. Онда «Голос. Дети» шоуының кезеңдері, Жасминаның сұхбаттары және қызының жетістігіне қуаныштарын білдірген ата-аналарының пікірлері қамтылған.
Авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов ата-аналарға ерекше алғыс білдірді. Жасминаның әкесі – Ауған соғысының ардагері, анасы – кәсіби музыкант.
– Кез келген байқау – ата-аналар үшін үлкен сынақ. Жасминаның батылдығы мен патриоттық сезімі – талай қиындықты еңсеріп, жігерін сақтай білген әкесінің мінезінің көрінісі. Ал вокалдық шеберлігі – анасының еңбегі. Оның кәсіби білімі мен қолдауы бұл жетістікке жетуде шешуші рөл атқарды, – деп атап өтті қорғаныс министрі.
Авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов сондай-ақ Жасминаның жетістігі «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының барлық тәрбиеленушілері үшін шабыт беретін үлгі болғанын айтты.
– Жасмина сияқты дарынды, еңбекқор балалардың өсіп келе жатқаны – еліміздің жарқын болашағының айғағы. Шығармашылық жолың жаңа шыңдарға жетелеп, талантыңның барлық қырын ашуға мүмкіндігің болсын, – деп тіледі министр.
Жас дарынның жетістігін мойындау белгісі ретінде Дәурен Қосанов Жасмина Тузеловаға алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етті. Өз кезегінде «Жас сарбаз» студиясының тәрбиеленушісі аңызға айналған «Әлия» әнін орындап, жиналғандарды ерекше толқытты.
Салтанатқа қатысқан Жасминаның ата-аналары Мұратбек және Гүлзия Өтеевтер де сөз сөйлеп, қызына көрсетілген назар мен қолдау үшін қорғаныс министріне ризашылықтарын білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1122713?lang=kk