2025 жылдың басынан бері Ақтөбе облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесін сақтау талабын бұзған сауда субъектілеріне қатысты бірқатар жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде 116 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің аналитикалық әзірлемелер басқармасымен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша баға қалыптастыруға терең талдау жүргізілді. Мониторинг нәтижесінде елеулі заң бұзушылықтар анықталды. «Элит Продукт» ЖШС сары май, жұмыртқа және ұн өнімдерін белгіленген шекті сауда үстемесінен бес еседен артық өсіммен сатқан. Жыл ішінде қайталанған құқық бұзушылық үшін компания ӘҚБтК-нің 204-4-бабы 2-бөлігі бойынша 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. «Қазбергенова» жеке кәсіпкері де сауда үстемесін белгіленген нормадан 3,5 есе артық қолданған. Қайталама құқық бұзушылыққа байланысты ол да осы бап бойынша 10 АЕК айыппұлмен жауапкершілікке тартылды. «НуроптТорг» ЖШС сауда үстемесін 3,5 есе арттырғаны үшін ӘҚБтК-нің 204-4-бабы 1-бөлігі бойынша 5 АЕК айыппұл төледі.
Әрбір анықталған факті бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар тағайындалды және бағаларды заңнамаға сәйкес келтіру туралы міндетті нұсқамалар берілді. Департамент барлық сауда субъектілері үшін сауда үстемесінің шекті мөлшерін сақтау міндетті екенін атап өтеді, ал кез келген заң бұзушылық заңнамаға сәйкес қатаң бақыланады.
2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы ӘҚБтК-нің 204-4-бабының 1 және 2-бөліктері бойынша 412 860 теңгені, 193-бап бойынша 141 552 теңгені құрады. Департамент бөлшек сауда нарығын бақылауды жалғастырады.
