Будапештте «Түркі әлемі – Батыс: Геосаяси диалог» атты ой-талқы платформасының тұсауы кесілді

Будапештте «Түркі әлемі – Батыс: Геосаяси диалог» атты ой-талқы платформасының тұсауы кесілді

12.12.2025 13:30:28 282

Будапешт, 2025 жылғы 9 желтоқсан – Мажарстанның беделді Дунай институтында «Түркі әлемі – Батыс: Геосаяси диалог» атты ой-талқы платформасының тұсаукесері өтті. Жаңа платформа түркі мемлекеттері мен Еуропалық Одақ және Америка Құрама Штаттары арасындағы экономикалық және саяси серіктестікті тереңдету мүмкіндіктерін талқылауды мақсат тұтады.

Форум жұмысына дипломатиялық корпус өкілдері, мемлекеттік органдар, шетелдік және жергілікті талдау орталықтары мен сараптамалық қауымдастықтар қатысты. Қазақстан тарапынан аталған іс-шараға арнайы келген Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Назарбаев университетінің өкілдері панельдік сессиялардағы талқылауларға белсенді қатысып, өз үлестерін қосты.

Іс-шараның негізгі тақырыбы Батыс мемлекеттері мен Түркі әлемі арасындағы ынтымақтастық бағыттарын, сондай-ақ сауда, инфрақұрылымдық байланыстылық, энергетикалық қауіпсіздік және стратегиялық ресурстар жеткізу тізбектерін дамыту салаларындағы өзара іс-қимылды талдау болды.

Пленарлық сессия барысында Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі А.Сапарбекұлы негізгі баяндамашы ретінде сөз алды. Өз сөзінде Елші Түркі мемлекеттер ұйымы мен Батыс арасында саяси-экономикалық ынтымақтастық перспективалары жөніндегі еліміздің сыртқы саяси бағыт-бағдарымен таныстырып, Еуразия кеңістігіндегі байланыстырушы көпір әрі өңірлік және жаһандық тұрақтылықтың сенімді серіктестері ретінде Қазақстан мен Мажарстанның стратегиялық әріптестігінің маңыздылығына тоқталды.

Осы ретте, Елші Қазақстанның халықаралық көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту саясатын, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік маршрутын (Орта коридор) қалыптастырудағы жемісті нәтижелері бойынша ақпарат беріп, Орта коридор Батыс пен Шығысты байланыстыратын маңызды жоба болатынын мәлімдеді. Ол көлік байланыстылығын нығайту және мультимодальды жүк бағыттарын дамыту саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге Қазақстанның дайын екенін білдірді.

Еліміздің бас дипломаты Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігі мәселелерінде Қазақстанның маңызына ерекше назар аударды. Қазақстанның ірі көмірсутек пен уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы ретіндегі әлеуетін атап өткен Елші, ТМҰ-ға мүше елдердің дәстүрлі және жаңартылатын энергетика секторларында еуропалық мемлекеттермен өзара іс-қимылды кеңейтуге, сондай-ақ жасыл сутегі өндірісі технологияларын ілгерілетуге қызығушылығын жеткізді.

Өзекті бағыттардың қатарында Елші стратегиялық маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастыққа тоқталды. Ол Қазақстанның осындай ресурстардың айтарлықтай қорына ие екенін және жаһандық жеткізу тізбектерін әртараптандыруға елеулі үлес қоса алатынын, бұл Еуропалық Одақ пен АҚШ мүдделеріне сай келетінін айтты.
Өңірлік кооперацияға тоқтала отырып, Елші экономикалық интеграция мен өзара іс-қимылдың институционалдық платформасы ретінде Түркі мемлекеттері ұйымын нығайтудың маңыздылығын алға тартты. Ол Мажарстанның байқаушы мемлекеті ретінде ТМҰ қызметіне белсенді қатысуын жоғары бағалап, оның Еуропалық Одақ пен ТМҰ арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудегі рөліне сенім білдірді.

Форум АҚШ пен түркі өңірі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық перспективаларына, Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, маңызды минералдар жеткізілімін әртараптандыруға және Еуропалық Одақ пен Түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы өзара іс-қимылдың шеңберлік құрылымын қалыптастыруға арналған тақырыптық панельдік пікірталастармен жалғасты. Қатысушылар тұрақты диалог сенімді серіктестік формаларын қалыптастыруға және жалпы экономикалық әрі стратегиялық тұрақтылықты нығайтуға маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Дунай институты сараптамалық өзара іс-қимылды қолдау және өңіраралық серіктестік форматтарын дамыту мақсатында Түркі-Батыс ынтымақтастығы бойынша Геосаяси диалогты тұрақты түрде өткізіп отыруды жоспарлауда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1124508?lang=kk