Жасалған жұмыстар - ауыл дамуының негізі
12.12.2025 15:10:57 201
Ауыл – елдің берекесі. Сол себепті де аудан басшысы шалғай елді мекендердің дамуын назардан тыс қалдырмай, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған жұмысты жүйелі жалғастырып келеді. Бүгін Алдашбай Ахун және Дауылкөл ауылдық округтерінде өткен кездесулер осы сөздің айғағы. Аудан әкімі Жандос Еркінбек ауыл халқымен кездесіп, атқарылған істер мен алдағы жоспарларды жан-жақты баяндады.
Алдашбай Ахун ауылында биыл инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар маңызды жұмыс жасалды. Ынтымақ және Түпбөгет көшелерін жарықтандыру жұмыстарына аудандық бюджеттен 42,6 млн теңге жұмсалып, жарық шамдары орнатылды. Сонымен қатар Ш.Шегебаев көшесіне 10 жарық бағанасы орнатылып, бүгінде ауыл көшелерінің 100 пайызы жарықпен қамтылды. Ауыз су мәселесі толық шешімін тауып отыр. Сонымен қатар аяқ су жеткізу жүйесін жақсарту үшін аудандық бюджеттен 3 млн теңге бөлініп, тиісті шаралар атқарылды.
Ауылдың мәдени және спорт нысандары да назардан тыс қалған жоқ. Ауылдық клуб үйінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 4 млн теңгеге ЛЭД экран алынып, орнатылды. Сонымен қатар спорт алаңының жанына воркаут алаңын салу үшін мердігермен келісім-шарт жасалды. Құны 1,2 млн теңгені құрайтын нысан жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі.
Дауылкөл ауылдық округінде де оң өзгерістер бар. 2025 жылдың салық түсімдерінің межесі 105,2 пайызға артығымен орындалды. Ауыл ішіндегі жарықтандыру жұмыстары да жалғасын тауып, аудандық бюджеттен бөлінген 14,5 млн теңгеге Н.Жанаев көшесі толық жарықтандырылды. Ауыл шаруашылығы бағытында 2925 гектар жерге егін егіліп, мал шаруашылығымен 3 шаруа қожалығы тұрақты айналысып, округтің негізгі табыс көзін қалыптастырып отыр.
Абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Жыл басынан бері ауылда 100-ге жуық жарық шамы жаңартылып, 20-ға тарта жаңа жол белгісі орнатылды. Сонымен қатар округте 250 орындық құрайтын жаңа мектеп құрылысына қажетті жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, қаржыландыру күтілуде.
Кездесу барысында аудан әкімі тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін тыңдап, әр мәселенің назарда болатынын айтып өтті. Екі ауылда атқарылған жұмыстар – елді мекендердің жаңарып, халық тұрмысының жақсарып келе жатқанын көрсетеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1124579?lang=kk