Қазақстан Индонезия өңірлерімен өзара тиімді байланыстарды нығайтуда
12.12.2025 16:51:18 124
Денпасар қ., 2025 жылғы 10 желтоқсан – Индонезия өңірлерімен инвестициялық, сауда-экономикалық және туристік байланыстарды кеңейту жұмысы шеңберінде ҚР Индонезиядағы Елшілігі мен ҚР Балидегі Құрметті консулдығының қолдауымен Денпасар қаласында (Бали провинциясы) «Қазақстан – Бали: Бизнес, инвестиция және туризм мүмкіндіктерін зерттеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Бали провинциясының жергілікті билік, Сауда-өнеркәсіп палатасы, бизнес-қоғамдастығы және туристік компаниялардың өкілдері қатысты. Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов Қазақстанның қолайлы инвестициялық және іскерлік ахуалы, ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты қыркүйектегі халыққа Жолдауында қойған міндеттер шеңберіндегі екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Индонезиялық іскер топтар энергетика және тау-кен секторы, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі, цифрландыру және жасанды интеллект, сондай-ақ туризм салаларында өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырылды.
Дипломат биылғы желтоқсанда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Индонезия арасындағы еркін сауда туралы келісімге қол қою жоспарланып отырғанын атап өтіп, құжаттың Қазақстан мен Индонезия, сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше елдер арасындағы өзара тауар айналымының айтарлықтай өсуіне ықпал ететінін мәлімдеді. Сондай-ақ, Қазақстан экономикасына кемінде 300 мың АҚШ долларын инвестициялаған шетелдік инвесторларға «алтын виза» және 10 жылға дейінгі мерзімге тұруға рұқсат берілетіні атап өтілді.
Дөңгелек үстел аясында индонезиялық кәсіпкерлер нақты іскерлік ұсыныстар білдіріп, елімізбен инвестициялық, сауда-экономикалық және туристік ынтымақтастықты кеңейтуге практикалық қызығушылық білдірді. Олар қызығугылық білдіретін көптеген сұрақтарға жауап алды. Іс-шара қорытындысы бойынша 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Бали провинциясының Қазақстанға сауда-экономикалық миссиясын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-jakarta/press/news/details/1124795?lang=kk