Қазақстан мен Оңтүстік Судан дипломатиялық қатынастар орнатты

Қазақстан мен Оңтүстік Судан дипломатиялық қатынастар орнатты

13.12.2025 09:10:36 206

Нью-Йорк, 2025 жылғы 12 желтоқсан – Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Умаров пен Оңтүстік Судан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Сесилия Адут Маньок Аденг Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Судан Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастарды орнату туралы Бірлескен коммюникеге қол қойды.  

Қазақстан Оңтүстік Судан Республикасын 2011 жылғы 15 шілдеде оның тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ресми түрде мойындады. Қол қойылған құжат екі ел арасындағы қатынастар тарихындағы жаңа беттің басталғанын білдіреді. Қазақстан мен Оңтүстік Судан халықаралық құқықтың, БҰҰ Жарғысының қағидаттарына, мемлекеттік егемендік пен аумақтық тұтастықты құрметтеуге бейілділігін, сондай-ақ екіжақты негізде және көпжақты форматтарда өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту ниетін растады.

 Тараптар Қазақстанның Африка мемлекеттерімен өзара іс-қимылының өсіп келе жатқан серпінін атап өтіп, сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға қызығушылық білдірді. Теңізге шыға алмайтын елдер тобы (LLDC) шеңберіндегі ынтымақтастық перспективасы және Африка нарықтарымен өзара іс-қимылы жасау үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын пайдалану әлеуеті атап өтілді.

Көпжақты күн тәртібін талқылай отырып, тараптар жаһандық қауіпсіздіктің негізгі мәселелері бойынша ұстанымдарының жақындығын растады және БҰҰ алаңындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды қолдады. Тараптар БҰҰ-ның Оңтүстік Судан миссиясына (UNMISS) қатысу мәселелерін қоса алғанда, бітімгершілік мәселелері бойынша пікір алмасты және осы елдегі жағдайды реттеу үшін тұрақтылық пен диалогтың маңыздылығын атап өтті.

Оңтүстік Судан – Қазақстан дипломатиялық қатынастар орнатқан
191-ші мемлекет болып табылады. Бұл еліміздің халықаралық белсенділігі мен серіктестік байланыстарының дәйекті кеңеюін көрсетеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/1125152?lang=kk