Ұлы Даланың әуендері Куала-Лумпурдың жүрегінде жаңғырды

Ұлы Даланың әуендері Куала-Лумпурдың жүрегінде жаңғырды

13.12.2025 14:01:14 318

Куала-Лумпур, 2025 жылғы 12 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігі Куала-Лумпур қаласының әкімдігімен бірлесіп, Түркістан облысының Ш. Қалдаяқов атындағы филармониясы мен қала әкімдігінің оркестрінің қатысуымен қазақ және малайзия халық өнерінің бірегей фьюжн-концертін ұйымдастырды. Іс-шара мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық аясында өтіп, Қазақстанның бай мәдени мұрасын шетелде кеңінен насихаттауға бағытталды.

Концерт бағдарламасында қазақ халқының болмысы мен тарихын, рухани құндылықтарын айшықтайтын дәстүрлі қазақ билері, музыкалық және вокалдық шығармалар ұсынылды. Өз кезегінде Куала-Лумпур қаласы әкімдігінің халықтық оркестрі малайзия музыкалық өнерінің жарқын үлгілерін тарту етті. Өнерпаздардың жоғары кәсіби шеберлігі, әсем ұлттық киімдері мен мазмұнды бағдарлама көрермендердің зор қызығушылығын тудырып, жылы ықыласына бөленді.

Қазақстан Республикасының Егемендігінің 35 жылдығына арналған концерт екі ел арасындағы мәдени көпірге айналып, Малайзия Үкіметінің өкілдерін, дипломатиялық корпус мүшелерін, мәдениет және қоғам қайраткерлерін, іскер топтарды, сондай-ақ қазақстандық диаспораны қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігінің 400-ден астам достарын бір арнаға тоғыстырды.

Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында Малайзияның Жоғары білім министрі Замбри Абдул Қадыр және Малайзия Парламенті Өкілдер палатасының Спикері Джохари бин Абдул болды.

«Музыка — баршаға түсінікті әмбебап тіл. Бүгінгі концерт мәдениет арқылы халықтарымызды жақындастырып, болашақ әріптестікке берік негіз қалайтынымызды айқын көрсетті», — деп атап өтті Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев.

Қонақтар концерттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, мұндай мәдени бастамалардың Қазақстан мен Малайзия халықтары арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтудағы маңызын ерекше бағалады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuala-lumpur/press/news/details/1125192?lang=kk