Ақмола гарнизонында Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің сарбаздары Отанға адал қызмет етуге ант берді
13.12.2025 16:50:25 134
44813 әскери бөлімінің саптық алаңында Әскери ант беру рәсімі салтанатты түрде өтті.
Іс-шараға командирлер, әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ сарбаздардың туған-туыстары мен жақындары қатысты.
Салтанатты іс-шараны Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары авиация генерал-майоры Руслан Қоңыров ашты.
– Бүгін сіздер өздеріңізге зор әрі мәртебелі міндет қабылдап отырсыздар. Отан сіздерге сенім артып, әуе кеңістігін қорғауды тапсырды. Берген анттарыңызға адал болып, қызметтеріңізді абыроймен атқарып, Отан қорғаушысы деген жоғары атаққа лайық болуларыңызға тілектеспін, – деді ол.
Жауапты әрі толқынысты рәсім Мемлекеттік Ту мен бөлімнің Жауынгерлік Туы алдында қатаң әскери дәстүрлерге сай өтті. Ақмола, Түркістан облыстары мен Астана қаласынан шақырылған 170 жас жауынгер антқа адал болуға және Отанды қорғауға әрдайым дайын екендіктеріне серт берді.
Қызметтің бір айы ішінде сарбаздар жас жауынгер курсынан өтті. Олар жалпыәскери жарғыларды меңгеріп, қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларымен танысты, саптық және атыс даярлығынан өтті.
– Бұл күнге біз мұқият дайындалдық. Командирлер бізбен жеке-жеке жұмыс істеді. Іс-шара өте толқынысты болды, бірақ бәрі сәтті өтті. Алда – қызмет пен жауынгерлік даярлықтың жаңа кезеңдері тұр. Бір жыл көзді ашып-жұмғанша өте шығады деп ойлаймын, – деді қатардағы жауынгер Бақытжан Қасенов.
Қатардағы жауынгер Жанболат Жанбыршиннің әжесі Базаркүл Құрманбаева немересіне деген мақтаныш сезімін жасыра алмады.
– Жанболатты әскери киіммен ант беріп тұрған сәтін қуаныш пен толқынысқа толы сезіммен тамашаладым. Ең бастысы – аман-есен қызмет етіп, әскери борышын абыроймен атқарсын, – деді ол.
Рәсім соңында офицерлер, сержанттар мен сарбаздар туды алып жүретін топтың бастауымен плац бойымен салтанатты маршпен жүріп өтті.
Одан кейін бөлім қонақтарына сарбаздардың қандай жағдайда қызмет атқарып жүргенін көруге және өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1125205?lang=kk