Домбыра мен сазсырнай Бельгияның Корольдік музыкалық аспаптар музейінің коллекциясына енді
14.12.2025 15:20:36 324
Брюссель, 2025 жылғы 12 желтоқсан - Бельгияның Музыкалық аспаптар музейінде екі дәстүрлі қазақ музыкалық аспабын — домбыра мен сазсырнайды тапсыру салтанаты өтті. Аспаптарды Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшілігі «Алатау Әуендері» концерттік ұйымы қолдауымен табыстады. Бұл іс-шара Қазақстан мен Бельгия арасындағы мәдени диалогты нығайтудағы маңызды қадам болды.
Салтанат барысында Алматы облысынан келген "Qulansaz" ансамблінің өнерпаздары қазақ күйлері мен әуендерін орындап, аспаптардың музей экспозициясына қойылмас бұрын олардың шынайы үнін қонақтарға таныстырды. Домбыра мен сазсырнай музейдің тұрақты коллекциясының бір бөлігіне айналып, сондай-ақ цифрлық форматта онлайн-каталог пен аудиогидте де қолжетімді болады. Музейге келушілер әр аспаптың үнімен танысып, олардың шығу тегі мен мәдени маңызы туралы ақпарат ала алады.
Бельгияның Музыкалық аспаптар музейінің өкілі Саския Виллаерт экспонаттарды тапсырудың маңыздылығын атап өтіп: «Бұл аспаптар музей қорын байытып, музей қонақтарына әлемдегі тағы бір жарқын музыкалық дәстүрмен танысуға мүмкіндік береді. Қазақстанға осы үлесі үшін алғыс білдіреміз және домбыра мен сазсырнайды кең аудиторияға ұсынуға қуаныштымыз», — деді.
Бельгияның Музыкалық аспаптар музейі (MIM) 1877 жылы құрылған Өнер мен тарихтың Корольдік музейлерінің құрамына кіреді және бүгінде шамамен 8 000 музыкалық аспаптан тұратын бай коллекциясымен әлемдегі жетекші музыкалық музейлердің бірі ретінде танылған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1125225?lang=kk