Дохада Қазақстан–Қатар стратегиялық серіктестігінің 2025 жылғы қорытындылары талқыланды

Дохада Қазақстан–Қатар стратегиялық серіктестігінің 2025 жылғы қорытындылары талқыланды

17.12.2025 08:00:55 234

Доха, 2025 жылғы 16 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Қатар Мемлекетіндегі Елшісі Арман Исағалиев Қатар Консультативтік Кеңесінің Төрағасы Хасан бен Абдулла Әл-Ғаниммен кездесу өткізіп, екіжақты қатынастардың маңызды бөлігі болып табылатын парламентаралық өзара іс-қимылды әрі қарай нығайту мәселелерін қарастырды.

Кездесуде Кеңес Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларға оң баға берді. Оның айтуынша, кең ауқымды бетбұрыстар елдің орнықты дамуына және халықаралық аренадағы беделін нығайтуға ықпал етуде.

Сұхбат барысында тараптар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы Қатарға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындылары бойынша экономикалық, сауда-инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ саяси және парламентаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған тапсырмалары дәйекті түрде іс-жүзіне асырылып жатқанын тілге тиек етіп, 2025 жылы бірқатар ауқымды нәтижелерге қол жеткізілгенін ризашылықпен атап өтті.

Осы орайда, Қатар Консультативтік Кеңесінің Төрағасы ағымдағы жылы екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары қарқыны сақталғанын жеткізіп, Астанада Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жетінші отырысы мен Сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялардың үшінші раундының ұйымдастырылғанына назар аударды. Спикердің айтуынша, аталған форматтар салалық ведомстволар арасындағы үйлестіруді тереңдетуге және бірлескен бастамаларды іске асыру үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етеді.

Кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету жолдарына ерекше назар аударылды. Тараптар Қазақстанға қатарлық инвестиция көлемінің былтырғы 156,4 млн АҚШ долларлық көрсеткішінен 2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша 1 млрд 167 млн АҚШ долларына дейін айтарлықтай өсуін оң бағалап, оның екі ел арасындағы өзара жоғары сенім мен ұзақмерзімді жобаларды дамытуға деген өзара қызығушылықтың айғағы екенін айтты. Сондай-ақ жыл ішінде екі елдің мемлекеттік органдары арасында бірқатар маңызды екіжақты келісімдер мен меморандумдарға қол қойылғаны атап өтілді.

Кездесуді қорытындылай келе, сұхбаттасушылар парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға әзір екендерін растап, 2026 жылы парламенттік делегациялардың өзара сапарларының жоспарын қарастырды. Мұндай байланыстар стратегиялық серіктестікті нығайтуға және Қазақстан мен Қатар арасындағы тұрақты саяси диалогты қолдауға ықпал ететіні атап өтілді.

Анықтама: 2024 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дохаға жасаған мемлекеттік сапары барысында Қатар Консультативтік Кеңесінің отырысында сөз сөйлеп, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты Қазақстанның ұстанымдарын таныстырды.

Сонымен қатар, 2025 жылғы 15 қыркүйекте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов Доха қаласында өткен төтенше Араб-Ислам саммитіне қатысып, пленарлық отырыста халықаралық қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелері жөніндегі Қазақстанның көзқарасын баяндады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-doha/press/news/details/1126551?lang=kk