Феррокремний зауыттары мен нанотехнологиялар паркінің құрылысы: үнді инвесторлары Қазақстанды таңдайды
17.12.2025 17:30:30 203
17 желтоқсан 2025 жыл, Нью-Дели. Қазақстанның Үндістандағы Елшісі Азамат Есқараев Қазақстан аумағында екі феррокремний зауытын салуға қызығушылық білдірген «MN.ALLOYS&Reductant Consulting W.L.L.» компаниясының басшылығымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында компания төрағасы Бхакта Хари Агасти аталған инвестициялық жобаларды іске асыру барысында бүгінгі таңда қолжетімді ең заманауи технологияларды пайдалану жоспарланып отырғанын атап өтті.
Бірінші кезекте аталған зауыттарды Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында салу мүмкіндігін қарастырғымыз келеді. Оның айтуынша, жоғарыда аталған зауыттардың құрылысына салынатын инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 500 млн. АҚШ долларын құрайды.
Өз кезегінде, А.Есқараев үнді тарапының бастамаларын құптады және Елшілік тарапынан Қазақстанда аталмыш жобаларды іске асыруды қамтамасыз ету үшін заңнамаға сәйкес барлық қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың келешегін егжей-тегжейлі талқылау үшін жақын арада үнді компаниясы басшылығының Қазақстанға (Астана, Семей, Өскемен) сапарын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Ү.ж. 9 желтоқсанында А.Есқараевтың «Big B Corporation» компаниясының негізін қалаушы Махендра Джошимен кезекті кездесуі өтті.
Анықтама: «Kazind Medical Group» ЖШС Алматы облысында қонақ үй, университет (10 мың студентке арналған) және кампус салуды қамтитын ауқымды жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Сондай-ақ 1000 төсектік аурухана салу жоспарда бар. Сонымен қатар, компания Ақмола облысында да осындай жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Компания Алматы облысының әкімдігімен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға, сондай-ақ «KazakhInvest» ҰК» АҚ-мен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Тараптар бар мәселелердің қазіргі жағдайын және жобаларды іске асырудың алдағы барысын талқылады. М.Джоши жобаны іске асыру белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылады, бұл ретте оны орындау үшін қандай да бір кедергілер жоқ екенін атап өтті
«Жақын арада құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарлануда, оған қазірдің өзінде шамамен 50 млн АҚШ доллары көлемінде қаржыландырудың бірінші траншы көзделген. Жобаларды құрылыс ауқымын ұлғайту жағына қарай қайта қарауға байланысты инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 2 млрд АҚШ долларын құрайды», - деді ол.
Айта кететін жағдай Елшіліктің қолдауымен ү.ж. 25 қарашада Үндістанның «RІ Instruments&Innovation» компаниясы мен Шортанды ауданының әкімдігі арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Үндістандық компания Орталық Азиядағы ең ірі нанотехнологиялық парктің құрылысын бастауды көздеп отыр, оған қала әкімшілігі 10 акр жер бөлді. «RI Instruments&Innovation» компаниясының негізін қалаушы Раджендра Джоши компанияның серіктесі Кембридж университеті (Ұлыбритания) екенін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-delhi/press/news/details/1127353?lang=kk