Маңғыстау облысында әскерге шақыруды қолдауға арналған патриоттық акция ұйымдастырылды
21.12.2025 11:40:28 246
Ақтау қаласындағы ірі сауда орталықтарының бірінде облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен әскери-патриоттық шара өтті.
Қала тұрғындары мен қонақтарына Әскери-теңіз күштері мен Ұлттық ұланның әскери оркестрлері концерттік бағдарлама қойды. Музыкалық ұжымдар патриоттық шығармаларды орындап, көрермендердің зор ықыласына бөленді.
Ақтау гарнизонының әскери қызметшілері азаматтарға әскери бөлімдердегі бос лауазым орындары жайында, одан өзге Қазақстан Республикасы Қарулы күштері қатарында мерзімді және келісімшарт бойынша қызмет атқару шарттары туралы ақпаратпен бөлісті. Кадр бөлімдерінің өкілдері қойылған сұрақтарға жауап беріп, әскери қызметке қызығушылық танытқан азаматтарға кеңес берді.
– Мұндай іс-шаралар әскери қызметтің беделін арттыруға және азаматтарды Қарулы күштер қатарында қызмет ету мүмкіндіктері туралы хабардар етуге бағытталған. Бүгін біз, жастар тарапынан үлкен қызығушылықты байқап отырмыз. Әскер әрдайым қоғамға ашық, ал әскери қызметті насихаттау жұмысы жүйелі түрде жалғасын табады, – деп пікірін білдірді Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Балтеміров.
Шара барысында жастармен жұмысқа ерекше көңіл бөлінді. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері мектеп оқушыларымен әңгімелесіп, әскери қызметті өткеру тәртібін түсіндірді. Бұдан басқа оларға әлеуметтік пакеттер, жеңілдіктер мен әскери қызметшілерге берілетін кепілдіктер туралы мәліметтерді айтты.
Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласы бойынша «Сарбаз аналары» комитетінің төрайымы Гүлмира Жанысбаеваның бастамасымен Әскери-теңіз күштерінің теңіз жаяу әскерлері бригадасы мен Шекара қызметінің мерзімді әскери қызметшілерін туған күндерімен құттықтау рәсімі өтті. Әскери бөлім командирлері қоғам өкілдерімен бірлесіп сарбаздарды әскери оркестрдің музыкалық сүйемелдеуімен құттықтады. Содан кейін әскери қызметшілер мерекелік торттан дәм татты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1129462?lang=kk