Бүгін әскери архив саласының мамандары өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді

Бүгін әскери архив саласының мамандары өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді

22.12.2025 09:00:32 182

Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві 1997 жылғы 20 наурызда қорғаныс ведомствосы басшысының директивасымен құрылған.

Мекеме мамандары Қорғаныс министрлігіне, оған бағынысты ұйымдар мен әскери бөлімдерге тиесілі архивтік құжаттарды жинақтаумен, олардың тарихи құндылығын сараптаумен және сақталуын қамтамасыз етумен айналысады. Сонымен бірге архив материалдарын қызметтік, ғылыми-зерттеу және әлеуметтік-құқықтық мақсаттарда пайдалануды ұйымдастырады.

Орталық архив қызметінің маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік органдарға, әскери бөлімдерге, ұйымдар мен азаматтарға әскери қызметтен өту фактілерін растауға, еңбек өтілін анықтауға, өмірбаяндық және тарихи деректерді қалпына келтіруге жәрдем көрсету. Осы арқылы архив мамандары әскери тарихтың шынайы деректерін сақтауға және азаматтардың заңды құқықтарын қорғауға үлес қосады.

Құжаттарды қалыптастыру, есепке алу және сақтау архив ісінің талаптарына сай, қорлар, тізімдемелер және сақтау бірліктері бойынша жүзеге асырылады. Мұндай жүйе құжаттардың сақталуын, реттелуін және қажетті ақпаратты жедел табуды қамтамасыз етеді. Процестерді кезең-кезеңмен цифрландыру мақсатында 2025 жылдың соңында Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта мамандар архив құжаттарын цифрландыруға, электрондық тізімдемелер жасауға және цифрлық ресурстар қалыптастыруға кірісті.

Архив қорларының бірегейлігі – елдің Қарулы күштерінің қалыптасуы, дамуы мен қызметін бейнелейтін түпнұсқа құжаттардың сақталуында. Олардың қатарында басқарушылық құжаттар, бұйрықтар, директивалар және өзге архив мекемелерінде баламасы жоқ материалдар бар.

Орталық архив тәжірибе алмасу, архив қызметін жетілдіру, үздік тәжірибелерді енгізу және мамандардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында Ресей, Беларусь және Өзбекстанның архив мекемелерімен ынтымақтастық орнатқан.

Жалпы алғанда, Қорғаныс министрлігі Орталық архивінің қызметі Қарулы күштердің құжаттық мұрасын сақтауға, объективті тарихи дерекқор қалыптастыруға және мемлекет пен қоғамның ақпараттық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1129500?lang=kk