Қарулы күштер Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлын еске алды

Қарулы күштер Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлын еске алды

24.12.2025 13:20:46 235

Астанада аты аңызға айналған Панфилов дивизиясы батальонының командирі Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай батырдың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Ақмола өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.

Жиналғандар Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлын бір минут үнсіз тұрып еске алды. Туды алып жүруші топпен, Құрмет қарауыл ротасының және әскери оркестрдің әскери қызметшілерімен бірге Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов, Халық қаһармандары армия генералы Мұхтар Алтынбаев, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев даңқты қолбасшының ескерткішінің жанында батырға құрмет көрсетті.

Қорғаныс министрі өз сөзінде Кеңес Одағының Батырларының мерейтой күндері – Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы мен Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келгенін атап өтті.

– 2025 жыл – бейбіт өмір жолында күрескен батырларымызға құрмет көрсетіп, еске алу жылы болды. Біз үшін Әлия Молдағұлова адалдық пен қайсарлықтың символы болса, Бауыржан Момышұлы – тәртіптің, табандылықтың және әскери рухтың темірқазығы. Бауыржан Момышұлы майдан даласында ғана емес, бейбіт өмірде де халыққа адал қызмет етті. Ол сарбазға ерлік пен намысты, тәртіп пен жауапкершілікті үйретті. Оның «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген өсиеті бүгінгі күні де әрбір әскери қызметшінің рухани тірегі, – деді ол.

Бұл күні Тараз гарнизонында Бауыржан Момышұлы атындағы 85395 әскери бөлімде батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Өңірлерде Қарулы күштердің әскери қызметшілері мен ардагерлері әскери және жалпы білім беретін оқу орындарында ерлік сабақтарын ұйымдастырды. Қорғаныс ведомствосының әлеуметтік желілері мен мессенджерлерінде аты аңызға айналған командир, жазушы және публицист Бауыржан Момышұлына арналған челлендж жолданды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1131366?lang=kk