Ереванда Қазақстан мен Армения арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды
26.12.2025 11:00:58 136
Армения астанасында «Қазақстан – Армения: туризм саласындағы диалог» тақырыбында екіжақты ынтымақтастық мәселелеріне арналған гибридті форматта дөңгелек үстел өтті. 2024 жылы қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында «Kazakh Tourism» Ұльтық компаниясы» АҚ мен Армения Туризм федерациясының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен іс-шара Қазақстан мен Арменияның салалық мемлекеттік органдарының басшыларын, туркомпаниялар өкілдерін, сарапшылар қауымдастығы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін біріктірді.
Дөңгелек үстел барысында қатысушыларға Қазақстанның туристік инфрақұрылымы туралы жан-жақты ақпарат ұсынылып, тәжірибе алмасуды қоса алғанда, екіжақты өзара іс-қимылды кеңейту перспективалары талқыланды.
Өз сөзінде Елші Б.Иманбаев 2025 жылы қазақ-армян қатынастары стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейіне шыққанын, туризм саласындағы ынтымақтастықты тереңдету экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ екі ел азаматтары арасындағы байланыстарды кеңейтуге ықпал ететін маңызды бағыт екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Н.Кәріпбаев туризм саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтары мен екіжақты өзара іс-қимыл перспективаларын, соның ішінде туристерді тарту және ұлттық туристік брендтерді халықаралық нарықтарда ілгерілету мәселелерін таныстырды. «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің таныстырылымдарында Қазақстанның туристік әлеуетіне және шетелдік әріптестермен серіктестік байланыстарды дамыту тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан туризм саласын тұрақты экономикалық өсудің қозғаушы күштерінің бірі және халықаралық өзара іс-қимылдың маңызды құралы ретінде жүйелі түрде дамытып отырғаны атап өтілді.
Өз кезегінде армян тарапының өкілдері туризм саласындағы ынтымақтастықты, оның ішінде Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінің көрікті жерлерін насихаттауға бағытталған бірлескен жобаларды қалыптастыру арқылы кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді.
Армения Республикасы Экономика министрлігі Туризм комитетінің төрайымы Л.Геворгян ведомствоаралық байланыстарды тереңдетуге қызығушылық білдіре отырып, армян тараптың 23-ші Қазақстандық халықаралық «Туризм және саяхат» көрмесіне (KITF 2025) қатысуы жөніндегі әсерлерімен бөлісті. Ол туроператорлар арасында тікелей байланыстар орнатудың маңыздылығын атап өтіп, бұған Қазақстан мен Арменияда өткізілетін мамандандырылған іс-шаралар мен көрмелерге белсенді қатысу ықпал ететінін айтты.
Армения Туризм федерациясының президенті М.Апресянның пікірінше, қолайлы көлік-логистикалық жағдайлардың болуы екі елдің әлеуетін тиімді іске асырудағы маңызды факторлардың бірі болып табылады.
Eрекше қызығушылық «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» атты шетелдік журналистерге арналған 10-шы мерейтойлық халықаралық байқаудың «Туризм» номинациясы бойынша лауреаты, «АрмИнфо» ақпарат агенттігінің тілшісі М.Мкртчянның Қазақстанның туристік мүмкіндіктері туралы пікірлері тудырды.
Пікірталас барысында қатысушылар туризм алмасуын кеңейтудегі көлік қолжетімділігі мен цифрлық құралдардың негізгі рөлін атап өтті. Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар өзара мүдделерге сай келетін және Қазақстан мен Армения арасындағы байланыстарды кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашатын әріптестікті одан әрі тереңдетуге мүдделілігін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-erevan/press/news/details/1132959?lang=kk