Отандастарымыздың жинақталған таза инвестициялық кірісі 13,43 трлн теңгеден асты

Отандастарымыздың жинақталған таза инвестициялық кірісі 13,43 трлн теңгеден асты

30.12.2025 16:20:49 248

Зейнетақы активтері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) шоғырландырылған 2014 жылдан бастап жинақталған таза инвестициялық кіріс 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 13,43 трлн теңгеден асты. Оның қазақстандықтардың жалпы зейнетақы жинақтарындағы үлесі жасалған төлемдер есебімен 41,5%-ды құрайды. Бұл инвестициялық кірістің азаматтардың зейнетақы жинақтарын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. 2014 жылдан бері зейнетақы активтерін инвестициялау тиімділігі айтарлықтай артты, бұл салымшылардың (алушылардың) жинақтарының жалпы көлемінің едәуір өсуіне ықпал етті.

Қазақстандағы зейнетақы жинақтары – азаматтардың зейнет жасындағы қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ұзақ мерзімді стратегиялық инвестициялық құрал. Икемді инвестициялық саясат пен активтерді әртараптандыру ұзақ мерзімді кезеңде тұрақты оң динамиканы қамтамасыз етеді. Қысқа мерзімді кезеңдердегі табыстылық зейнетақы активтерін басқару тиімділігінің негізгі көрсеткіші бола алмайды, өйткені қысқа уақыт аралығында есептелетін қаржы құралдары бойынша сыйақы мен өзге де табыстар бағалы қағаздар құны мен валюта бағамдарының ауытқуын әрдайым толық өтей бермейді. Сондықтан инвестициялық кірістің нақты мөлшерін кемінде бір жылдық кезеңде талдаған жөн.

Өзгермелі макроэкономикалық жағдайлар аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқаруындағы міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы активтерінің соңғы 12 айда салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген кірістілігі 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 9,69% құрады. 2024 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы қарашаға дейінгі кезеңде есептелген инвестициялық кіріс көлемі – шамамен 2,23 трлн теңге.

Осы кезеңде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы активтерінің кірістілігі 8,07% болды.

Орта және ұзақ мерзімді перспективада зейнетақы жинақтарының нақты, яғни жинақталған инфляциядан жоғары табыстылығы қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бастап 2025 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі кезеңде жинақталған инвестициялық кірістілік 1054,45%-ға жетті, ал осы кезеңдегі инфляция деңгейі 933,55% болды.

Қазақстанда инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына бірегей кепілдік берілетінін еске саламыз. Салымшының төлемге құқығы басталған кезде жинақталған кірістілігіне кері әсерін тигізген жекелеген кезеңдердегі кірістіліктің төмендеуі жағдайында айырманың өтемақысына мемлекет кепілдік береді.

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алу жүйесі толықтай ашық: әрбір салымшының  enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетінен өзінің инвестициялық кірісін көруге мүмкіндігі бар. 

БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың (www.enpf.kz) ресми сайтындағы «Статистика және аналитика/Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде жарияланады.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1135057?lang=kk