Шымкент қаласында тұрғын алаптарды кезең-кезеңімен газдандыру жұмыстары жалғасуда. Жаңа жыл қарсаңында Алтынтөбе және Тассай екі ірі шағынауданына табиғи газ жүйесі қосылды. Іске қосу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, тұрғындарды алдағы мерекемен құттықтады, шаңырақтарына жылу мен жайлылық тіледі. Алтынтөбе тұрғын алабына тартылған газ құбырының жалпы ұзындығы 12 шақырымнан асады. Нәтижесінде 343 үй көгілдір отынға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Құрылыс-монтаж жұмыстары бір жыл көлемінде жүргізілді. Осы күні қаланың ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан аудандарының бірі — Тассай шағынауданына да газ қосу рәсімі өтті. Мұндағы газ құбырының ұзындығы 68 шақырымнан асады, жоба аясында 3 341 үй қамтылған. Айта кетейік, Тассай тұрғын алабын газдандыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұған дейін алғашқы екі кезеңде 2 566 абонент табиғи газға қол жеткізсе, үшінші кезеңде тағы 775 үй қосылып отыр. Газдандыру жұмыстары 2022–2025 жылдар аралығында жүргізілді. Алтынтөбе және Тассай тұрғын алаптарына табиғи газ жүйесінің қосылуы қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, жылу шығындарын азайтуға және экологиялық қауіпсіздікті жақсартуға мүмкіндік береді.