Қазақстан мен Қырғызстан СІМ басшылары телефон арқылы сөйлесті
31.12.2025 18:40:35 231Астана, 2025 жылғы 31 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен телефон арқылы сөйлесті.
Сұхбат барысында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары ағымдағы жылды қорытындылап, бауырластық пен тату көршілік рухындағы қазақ-қырғыз одақтастық қатынастарының жүйелі әрі орнықты дамып келе жатқанын атап өтті.
Министрлер екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері мен болашағын талқылады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ү.ж. тамызда Бішкекке жасаған ресми сапарының, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесі 7-ші отырысының қорытындыларына және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге жан-жақты жәрдем көрсетуге өзара дайындық білдірілді.
Сонымен қатар тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, алдағы жылға жоспарланған халықаралық іс-шаралар кестесін қарастырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1136051?lang=kk