Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жаңа мүше-мемлекеттердің туларын орнату рәсімін өткізді

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жаңа мүше-мемлекеттердің туларын орнату рәсімін өткізді

03.01.2026 09:00:33 247

Нью-Йорк, 2026 жылғы 2 қаңтар – Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күні Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі 2026-2027 жылдарға сайланған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа тұрақты емес мүшелерінің туларын салтанатты түрде орнату рәсімін өткізді.

Қауіпсіздік Кеңесінің мәжіліс залы алдында Бахрейн, Колумбия, Конго Демократиялық Республикасы, Латвия және Либерияның Тұрақты өкілдері өз елдерінің мемлекеттік туларын орнатып, аталған елдердің Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына ресми түрде кіргенін білдірді.

Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа жылдағы жұмысының бірінші күнінде салтанатты рәсімді өткізу дәстүрі 2018 жылдың қаңтар айында, Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы кезеңінде бастау алған болатын. Содан бері бұл тәжірибе Кеңестің барлық мүшелері тарапынан дәйекті түрде қолдау тауып, соңғы жылдары Қазақстанның Тұрақты өкілдігі үйлестіруімен жүзеге асырылып келеді.

Атап өтерлігі, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының 2025 жылғы 26 желтоқсандағы № S/2025/848 жазбасы арқылы рәсімделген Кеңес шешіміне сәйкес, аталған салтанатты шара Қауіпсіздік Кеңесінің ресми жыл сайынғы іс-шарасы ретінде бірауыздан қабылданып, оның жұмыс әдістеріне енгізілді. Осылайша, Қазақстан бастамасы институционалдық тұрғыдан бекітіліп, Қауіпсіздік Кеңесінің рәсімдік әрі символикалық мәдениетінің тұрақты элементіне айналды.

Іс-шараны аша отырып, Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров қазіргі геосаяси шиеленіс жағдайында Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты және тұрақты емес мүшелерінің белсенді қатысуымен қабылданатын шешімдері жаһандық бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ орнықты дамуға жәрдемдесу тұрғысынан айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

БҰҰ Бас хатшысының атынан сөз сөйлеген Таяу Шығыс және Азия-Тынық мұхит аймағының мәселелері бойынша Бас хатшының көмекшісі Халед Хиари Қауіпсіздік Кеңесінің жаһандық қауіпсіздік архитектурасындағы негізгі рөлін атап өтіп, Кеңес жұмысы шеңберінде сенімді нығайтуға, диалогты ілгерілетуге және институционалдық сабақтастықты қамтамасыз етуге қосқан Қазақстанның үлесін жоғары бағалады.

2026 жылғы қаңтар айындағы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде сөз сөйлеген Сомали Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Абукар Дахир Осман халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге бірлесіп ден қою мақсатында мемлекеттерді белсенді әрі үйлестірілген өзара іс-қимылға шақырды.

Өз кезегінде, Қауіпсіздік Кеңесінің жаңадан сайланған мүшелерінің өкілдері қысқаша сөз сөйлеп, салтанатты рәсімді ұйымдастырғаны үшін қазақстандық тарапқа алғыс білдіріп, 2026-2027 жылдар кезеңінде Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметінің негізгі басымдықтарын атап өтті.

 

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде бес тұрақты мүше мемлекет (АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция) және 10 тұрақты емес мүше мемлекет қызмет атқарады. Олар жыл сайын БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен екі жылдық мерзімге сайланады.

Аталған салтанатты рәсім Қауіпсіздік Кеңесінің жаңадан сайланған мүшелері үшін айрықша маңызға ие болып, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты БҰҰ-ның басты органындағы аталған елдер мандатының салтанатты басталуын білдіреді. Ұлттық туларды көтеру мемлекеттердің Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына ену сәтіне ерекше саяси әрі символикалық мән беріп, Кеңес мүшелерінің бүкіл халықаралық қауымдастық алдындағы ортақ жауапкершілігін айқындайды.

Қазақстанның бастамасына дейін Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелерінің туларын ауыстыру рәсімі негізінен техникалық сипатта жүргізіліп келді. Алайда 2018 жылдан бастап аталған жаңашылдықтың арқасында бұл үдеріс бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен Қауіпсіздік Кеңесінің алғашқы жұмыс күні өткізілетін ресми салтанатты рәсім форматына ие болды.

2019 жылдың қаңтар айында Қазақстанның Тұрақты өкілдігі Қауіпсіздік Кеңесінің мүше мемлекеттерінің тулары үшін Қазақстанда жасалған және ұлттық ою-өрнектермен безендірілген арнайы тұғырлар сыйға тартты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/1136197?lang=kk