Гвардейск гарнизонында 600-ден астам сарбаз ант берді

Гвардейск гарнизонында 600-ден астам сарбаз ант берді

03.01.2026 11:00:21 501

Қарасай батыр атындағы Құрлық әскерлерінің оқу орталығында 620 мерзімді әскери қызметшінің әскери ант қабылдауына арналған салтанатты рәсім өтті.

Іс-шараға Гвардейск гарнизонының бастығы, әскери прокуратура мен әскери полиция өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ сарбаздардың туған-туыстары мен жақындары қатысты.

Шараның ашылуында сөз сөйлеген оқу орталығының командирі гвардия полковнигі Мақсат Тұрапбаев жас әскери қызметшілер алты ай бойы оқудан өтетінін атап өтті.

– Біздің орталықта оқыту арнайы жабдықталған оқу корпустарында ұйымдастырылған. Сарбаздар жүйелі даярлықтан өтіп, ұрыс машиналарының операторы, жүк және жер қазу машиналарының механик-жүргізушісі, көп мақсатты жеңіл брондалған тартқыштың маманы, аспаз және басқа да әскери-есептік мамандықтарды меңгереді, – деді ол.

Оқу орталығының заманауи материалдық-техникалық базасы әскери қызметшілерге алдағы қызметіне қажетті берік кәсіби білім мен тәжірибелік дағдыларды игеруге мүмкіндік береді.

– Бүгін мен үшін шын мәнінде ұмытылмас күн. Өмірімдегі жауапты сәтті ата-анаммен бірге бөлісуге мүмкіндік туды. Олардың үмітін ақтап, командирлердің сеніміне лайық болуға тырысамын, – деді сарбаз Мейрам Қасым.

Оқуды аяқтағаннан кейін әскери қызметшілер Құрлық әскерлерінің құрамалары мен әскери бөлімдеріне әрі қарай қызмет өткеру үшін жіберіледі. Сарбаздарды бөлу олардың дайындық деңгейі, меңгерген мамандықтары, сондай-ақ әскердің өзекті міндеттері мен қажеттіліктері ескеріле отырып жүзеге асырылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1136202?lang=kk