МЕРЗІМДІ БАСПАСӨЗ – ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН МАҢЫЗДЫ ИНСТИТУТ

МЕРЗІМДІ БАСПАСӨЗ – ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН МАҢЫЗДЫ ИНСТИТУТ

05.01.2026 10:38:31 1102

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында мерзімді баспасөздің қоғамдағы рөлі, оның ағартушылық миссиясы мен ұлттық құндылықтарды сақтаудағы маңызы жөнінде кеңінен ой қозғады.

Президент ең әуелі 30 жылдан бері тұрақты түрде шығып келе жатқан «Turkistan» газетінің ел ақпарат кеңістігіндегі орнына тоқталып, басылымды Қазақстандағы ықпалды газеттердің бірі ретінде атап өтті. Сондай-ақ газеттің атауында да терең тарихи әрі рухани мән жатқанын айтып, редакция ұжымының тек ел ішіндегі емес, тұтас түркі жұртына ортақ өзекті тақырыптарды көтеріп жүргенін жоғары бағалады. Мемлекет басшысы мұны қалыптасқан жақсы дәстүр ретінде атап өтті.

Сұхбат барысында Қасым-Жомарт Тоқаев шетелде еңбек етіп, түрлі салада жетістікке жеткен қандастар жайлы жарияланымдарды қызығушылықпен оқитынын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан мен өздері тұрып жатқан мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып жүрген азаматтарды қолдау – маңызды іс. Осы орайда Президент мұндай үш азаматты арнайы марапаттағанын да атап өтті.

Мемлекет басшысы қазіргі ақпараттық кеңістіктегі үрдістерге де тоқталды. Оның пікірінше, газет-журналдар бүгінде қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі әлеуметтік желілердің шектен тыс ықпалы адамдардың ойлау және танымдық қабілетіне кері әсер етіп жатқанын атап өтті. Президент қоғамда жасы ересек болғанымен, ой-өрісі таяз, үстірт ақпаратқа тәуелді азаматтардың кездесуі осының айқын көрінісі екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жастайынан мерзімді баспасөзді үзбей оқып келе жатқанын, бұл әдетінен әлі күнге дейін айнымағанын жеткізді. Бүгінде баспасөз заман талабына сай бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын таба алғанын атап өткен Мемлекет басшысы газет тілшілерінің терең талдау мен жан-жақты сараптама жасауға басымдық беріп отырғанын ерекше айтты. Кәсіби әрі өз ісіне адал журналистердің сапалы материал әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға сүбелі үлес қосып жүргенін де атап өтті.

Президент еңбек адамдарының шынайы өмірі мен қоғамға пайдасы жөніндегі нақты мәліметтерді көбіне газеттерден алатынын жеткізді. Ал TikTok, Instagram немесе Telegram сияқты әлеуметтік желілер бұл тұрғыда үстірт ақпарат ұсынып, еңбек адамдарының шынайы тыныс-тіршілігін толық көрсете алмайтынын айтты.

Сұхбат соңында Мемлекет басшысы қоғам тек елең еткізер жаңалық пен қысқа бейнежазбамен шектелмей, мазмұны терең, ой салатын ақпараттың да қадірін түсінуі қажет екенін атап өтті. Әсіресе, жастардың білім мен ғылымға бет бұрып, оқу мәдениетін жоғары қоюы елдің болашағы үшін аса маңызды екенін айтты. Оқу мәдениеті дамыған елдер әрдайым жаһандық дамудың алдыңғы қатарында болатынына Президент еш күмән келтірмейтінін жеткізді.