Парламенттік дипломатия – Қазақстан мен Португалия ынтымақтастығының дәнекері
07.01.2026 10:00:31 876
Лиссабон, 2026 жылғы 6 қаңтар - Қазақстанның Португалиядағы Елшісі Жан Ғалиев Португалия Республикасы Ассамблеясындағы Сыртқы істер және шетелдегі португал қауымдастықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Жузе Сезариумен кездесті.
Кездесу барысында дипломат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жаңғырту реформаларының барысы жөнінде әңгімелеп берді. Сондай-ақ Қазақстан мен Португалия арасындағы ынтымақтастықтың ең перспективалы бағыттары – ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп, туризм және спорт, көлік пен логистика, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект, су ресурстары, білім беру және өзге де салалар сындарлы түрде талқыланды.
Елші Қазақстан тарапының парламентаралық диалогты жандандыруға әзір екенін атап өтті.
Өз кезегінде португалиялық депутат Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан өзгерістерге қызығушылық танытып, екі ел халықтарының жақындасуын, оның ішінде мәдени-гуманитарлық алмасулар арқылы нығайтуды қолдайтынын білдірді.
Әңгіме соңында тараптар парламенттік дипломатияға арқа сүйей отырып, екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдемдесуге уағдаласты. Ж. Сезариу алдағы уақытта Португалия Республикасы Ассамблеясы депутаттарынан құралған топтың басында Қазақстанға сапармен келуге дайын екенін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-lisbon/press/news/details/1137617?lang=kk