Шымкент туризмі – қала экономикасын дамытудың стратегиялық драйвері
07.01.2026 12:43:59 872
Шымкент туризмі – қала экономикасын дамытудың стратегиялық драйвері
2025 жылы Шымкенттің туристік саласы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі драйверлерінің бірі ретіндегі мәртебесін толықтай бекітті. Туристер ағынының артуы, инвестициялық белсенділік, халықаралық байланыстардың кеңеюі және цифрлық шешімдердің енгізілуі мегаполистің заманауи туристік әрі іскерлік орталық ретіндегі орнықты бейнесін қалыптастыруда.
Туристік ағынның өсуі және қонақүй инфрақұрылымының дамуы
2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Шымкент қаласына 406 мыңнан астам турист келген. Туристердің басым бөлігін ішкі туристер құраса, келу туризмі де тұрақты өсім көрсетуде. Қала аумағында 159 қонақүй мен орналастыру нысаны жұмыс істейді, олардың нөмірлік қоры 4 мыңнан астам бөлмені құрайды. Орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 10 млрд теңгеден асты, бұл қонақүйлердің жоғары жүктемесін және ілеспе сервистердің дамуын айғақтайды.
Инвестициялар және жаңа туристік форматтар
Алдағы екі жылда Шымкентте 12 жаңа қонақүйдің ашылуы жоспарланған, олардың қатарында Hilton халықаралық бренді де бар. Экологиялық және отбасылық демалыс бағытындағы жобалар, соның ішінде Бадам су қоймасындағы глэмпинг іске асырылуда. Сонымен қатар сакралды туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде: негізгі кесенелердің аумағы абаттандырылып, бірқатар тарихи-мәдени нысандарды қайта жаңғырту жоспарланған.
Маршруттар, сервис және қауіпсіздік
Қалада мәдени, сакралды, экологиялық, іскерлік және өндірістік бағыттарды қамтитын 17 туристік маршрут жұмыс істейді. «Шымкент 24 сағат», «Шымкент 72 сағат» форматтары, сондай-ақ Түркістан – Ташкент – Ақсу-Жабағылы – Шымкент халықаралық бағыты ерекше сұранысқа ие. Туристік нарықта 24 туроператор мен 120 туристік агенттік қызмет көрсетеді.
Сервис сапасы мен қауіпсіздікті арттыру мақсатында туристік нысандарды паспорттау енгізіліп, ақылды санитарлық аймақтар орнатылған. Қалада 25 қызметкерден тұратын туристік полиция жұмыс істейді, сондай-ақ қоғамдық орындарда «SOS» жедел байланыс түймелері орнатылған.
Көлік қолжетімділігі және әуе қатынасы
2024 жылғы желтоқсанда Шымкент әуежайының жаңа терминалы пайдалануға беріліп, оның өткізу қабілеті едәуір артты. Бүгінде қала 6 елдің 8 қаласына тікелей әуе рейстерімен байланысқан. Олардың қатарында Қытайдың Сиань, Шанхай, Үрімжі, Германияның Мюнхен, Венгрияның Будапешт, сондай-ақ Каир, Сеул және Баку қалалары бар. Бұл Шымкенттің Қазақстанның оңтүстігіндегі маңызды көлік хабы ретіндегі рөлін күшейтті.
Оқиғалық және гастрономиялық туризм
2025 жылы қалада оқиғалық туризм қарқынды дамыды. «ДәмДәсTour»гастрономиялық фестивалі, Street Food Fest, халықаралық блог-турлар, әуе жыландар фестивалі және 500 дрон қатысқан Drone Show өткізілді. Аталған шараларға шамамен 50 мыңға жуық көрермен жиналды. Наурыз ұлттық мерекесі мен оңтүстік өңірдің асханасы қаланың туристік брендіне айналды.
Цифрландыру және туристік навигация
Шымкентте туризмді ілгерілетудің заманауи цифрлық құралдары енгізілуде. Visit-shymkent.com туристік порталы жұмыс істейді, 3D-маршруттар әзірленіп, негізгі нысандар цифрландырылды. Әуежайда, теміржол вокзалында және автовокзалдарда QR-кодтар орнатылған. 2025 жылға арналған туристік іс-шаралар күнтізбесі үш тілде дайындалып, онлайн-платформаларда кеңінен насихатталуда. Туристік ақпараттық орталықтың киоскілері Түркістан, Алматы, Бурабай, Өскемен және Самарқанд қалаларында ашылды.
Халықаралық ынтымақтастық және дипломатия
2025 жылдың басынан бері 32 халықаралық дипломатиялық кездесу өткізілді. Шымкент қаласының әкімдігі мен Франция Республикасының Қазақстандағы Елшілігі арасында 2025–2028 жылдарға арналған ынтымақтастық жол картасына қол қойылды. Парижде Шымкент күндері ұйымдастырылып, қалаға Еуропалық Одақ елдерінің елшілері келді. Болгарияның Пловдив қаласымен бауырластық байланыс орнатылды, Қырғызстан мен Францияның Құрметті консулдықтары ашылды, сондай-ақ Қытай, Оңтүстік Корея, Германия және Венгрия компанияларымен меморандумдарға қол қойылды.
Инфрақұрылымды кешенді дамыту, халықаралық деңгейде ілгерілету, цифрландыру және оқиғалық белсенділік Шымкенттің тұрақты туристік имиджін қалыптастырып отыр. Туризм қала экономикасының маңызды саласына ғана емес, мегаполисті халықаралық кеңістікке ықпалдастырудың тиімді құралына айналуда, оның инвестициялық және мәдени тартымдылығын арттыруда.