Ауылды кім басқарады: Қостанай облысындағы ауыл әкімінің портреті
08.01.2026 17:00:40 800
Ауылдағы шешімдерді кім қабылдайды? Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті басқарудың халыққа ең жақын деңгейінде еңбек етіп жүрген тұлғалар – ауыл әкімдерінің портретіне назар аударуды ұсынады.
Қостанай облысында ауыл әкімдері институты 196 ауылдық округ әкімімен ұсынылған. Олардың аумақтар бойынша бөлінісі өңірдің ерекшеліктерін айқын көрсетеді: әкімдердің ең көп саны Қостанай ауданында – 16, Әулиекөл және Қарабалық аудандарында – 13-тен, сондай-ақ Арқалық қаласында – 13. Ең аз көрсеткіш Лисаковск қаласында тіркелген – 1 әкім.
Қазіргі заманғы ауыл әкімінің портреті – бұл, ең алдымен, тәжірибелі басқарушы. Әкімдердің шамамен 83% – ер азаматтар, 17% – әйелдер. Орташа жасы 45–46 жасты құрайды, бұл кәсіби тәжірибе мен жоғары еңбек қабілетінің үйлесімін көрсетеді. Жас шамасы 29 бен 64 жас аралығында.
Бүгінгі таңда ең жас әкім – жасы 29-да, ол Амангелді ауданына қарасты Қарасу ауылдық округінің әкімі. Ең үлкені – 64 жастағы Қарабалық ауданындағы Өрнек ауылдық округінің әкімі, ол 2022 жылы төрт жыл мерзімге сайланған.
Сонымен қатар заңнамада зейнеткерлік жасқа жету ауыл әкімінің өкілеттігін тоқтатуға негіз болмайтыны тікелей көрсетілген.
Ауыл әкімдерінің шамамен 95% жоғары білімге ие. Ең кең таралған мамандықтар – экономика және қаржы (29%), құқықтану (29%), педагогика (15%). Мемлекеттік басқару және менеджмент саласын 6%, техникалық мамандықтарды шамамен 9% таңдаған.
Ауыл әкімдерінің мемлекеттік қызметтегі орташа еңбек өтілі 14 жылдан асады. Бұл ретте қазіргі әкімдердің жартысына жуығы өз қызметінде үш жылдан аз уақыт жұмыс істеп келеді, бұл басқару корпусының жаңарып жатқанын білдіреді. Сонымен бірге тұрақты өзек те сақталған: 68 әкім өз лауазымында бес жыл және одан да көп уақыт еңбек етіп, басқарудағы сабақтастық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде.
Талдау көрсеткендей, ауыл әкімі лауазымы мансаптың бастапқы сатысы бола бермейді. Басшылардың 70% астамы бұл қызметке 35 жастан кейін тағайындалған, ал үштен бірінен астамы 35 пен 45 жас аралығында. Бұл ауыл әкімі болу – кәсіби кемелдікті, басқару тәжірибесі мен беделді талап ететін қызмет сатысы екенін айғақтайды.
Әкімдердің 60% астамы – Қостанай облысының тумалары. Өңір ішіндегі шыққан жерлерінің географиясы бір ауданға шоғырланбай, біркелкі таралған. Әрбір үшінші әкім өзі туған округте қызмет атқарып отыр, бұл жергілікті ерекшеліктер мен әлеуметтік ахуалды тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге кадрлық ұтқырлық қағидаты да белсенді қолданылуда: әкімдердің 60% жуығы туған округінен тыс жерлерде жұмыс істейді. Бұл тәсіл басқарушы кадрларды икемді түрде қайта бөлуге және проблемалы аумақтарды күшейтуге жол ашады.
Ауыл әкімдерінің басым бөлігі – 84% – тәртіптік жазаға тартылмаған. Жауапкершілікке тартылған жағдайларда көбіне жеңіл сипаттағы шаралар қолданылған. Соңғы үш жылда Әдеп жөніндегі кеңесте қаралған әкімдер санының екі еседен астам азаюы оң динамиканы көрсетеді.
Бұл портретті ынталандыру жүйесі де толықтырады: әрбір бесінші ауыл әкімі мемлекеттік немесе ведомстволық наградалармен марапатталған. Бұл олардың аумақтарды дамытуға қосқан үлесінің мойындалғанын білдіреді.
Сонымен қатар ауыл әкімі лауазымына кандидаттарға қойылатын талаптар және олардың мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға сәйкестігін тексеру «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның құзыретіне жатады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы – Салықбаев Е.А.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-mendykarin-audany-akimat/press/news/details/1138175?lang=kk