Бельгияның Монс университеті Қазақстан жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

Бельгияның Монс университеті Қазақстан жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

10.01.2026 08:00:42 662

Монс, 2026 жылғы 9 қаңтар — Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Монс университетінің (Université de Mons — UMONS) ректоры, профессор Филипп Дюбуамен кездесті. Кездесуде жоғары білім, академиялық мобильдік және қолданбалы ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

UMONS Бельгиядағы ғылыми бағыттағы беделді университеттердің бірі. Мұнда шамамен 12 мың студент білім алады, халықаралық бағдарламалар жүзеге асады және 50-ден астам елдің серіктестерімен ғылыми ынтымақтастық жүргізіледі. Халықаралық жарияланымдар мен серіктестік көрсеткіштері бойынша университет әлемдік академиялық рейтингтер тізімінде және ғылыми дәйексөзделу мен бірлескен зерттеулер сапасымен мойындалған.

Елші Р. Василенко Қазақстанда ашық академиялық кеңістік қалыптасып келе жатқанын, бүгінде елде 40-қа жуық шетелдік және бірлескен жоғары оқу орындары мен қос дипломды бағдарламалар жұмыс істейтінін, бұл студенттер мен жас ғалымдар арасындағы халықаралық алмасу мүмкіндіктерін кеңейтетінін атап өтті.

«Қазақстан академиялық мобильдіктен бастап қолданбалы зерттеулер мен технологиялық өзара іс-қимылға дейін практикалық ынтымақтастыққа мүдделі. Бельгиялық студенттер мен оқытушылар тарапынан қызығушылық бар екенін көріп отырмыз және бұл үрдісті болашағы бар бағыт ретінде қарастырамыз», — деді Елші.

Қазіргі таңда UMONS қазақстандық жоғары оқу орындарымен академиялық мобильдік саласында жұмыс істейді. 2026 жылғы ақпаннан бастап бес UMONS студенті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бір семестр оқитын болады, тіл және өңіртану пәндерін меңгеріп, университетаралық бағдарламаларға қатысады. Өз кезегінде қазақстандық студенттер Монс университетіндегі тілдер факультетінде білім алуда.

Профессор Ф. Дюбуа:«Біз қазақстандық университеттермен тек алмасу бағытында ғана емес, ғылым саласында да ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз. UMONS халықаралық ғылыми жобалар жүргізу тәжірибесіне ие және мұндай ынтымақтастық Қазақстанмен кеңеюі мүмкін деп санаймыз» - деп атап өтті.

Кездесуден кейін қазақстандық делегация UMONS базасындағы Materia Nova қолданбалы зерттеу орталығына барды. Орталық инновациялық материалдар, жабындар мен полимерлер әзірлеумен, сондай-ақ олардың өнеркәсіпке трансферімен айналысады. Materia Nova құрамында шамамен 100 зерттеуші жұмыс істейді және 300-ден астам сыртқы сарапшымен әріптестік орнатқан. Орталық материалтану саласындағы Еуропаның маңызды ғылыми құрылымдарының біріне айналды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар академиялық мобильдік пен қолданбалы ғылыми зерттеулер бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік білдіріп, университеттер мен ғылыми орталықтармен нақты бағытталған кездесулер өткізу үшін UMONS басшылығының Қазақстанға сапарын ұйымдастыру мүмкіндігін талқылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1139152?lang=kk