Қазақ-словен экономикалық дипломатиясының жаңа серпіні

Қазақ-словен экономикалық дипломатиясының жаңа серпіні

10.01.2026 08:00:45 731

Любляна, 2026 жылғы 9 қаңтар – Қазақстан Республикасының Словениядағы Елшісі Алтай Абибуллаев Словения Республикасының Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің Еуропалық істер, халықаралық құқық, мүдделерді қорғау және экономикалық дипломатия жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Нева Грашичпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Елші Мемлекет басшысының 5 қаңтарда «Түркістан» газетіне берген сұхбатында айтылған негізгі ой-түйіндер, сондай-ақ Қазақстанда 2026 жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланғаны туралы жан-жақты хабардар етті.

Тараптар екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 5-ші отырысына дайындық барысын, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы профильді мемлекеттік органдар, бизнес және сараптамалық қауымдастық өкілдерінің өзара іс-қимыл алаңына айналуы көзделіп отырған «Digital Bridge» цифрлық форумын Люблянада өткізу жоспарларын егжей-тегжейлі талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, оның ішінде Қазақстан нарығында кеңінен танымал словениялық жетекші брендтер – «Krka» және «Lek» компанияларымен өзара іс-қимылды дамытуға, сондай-ақ денсаулық сақтау және медициналық технологиялар саласындағы кооперацияны кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.

Транзиттік-көліктік және логистикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылау аясында Елші Қазақстанның Еуразиялық кеңістігіндегі маңызды транзиттік стратегиялық әлеуетін атап өтіп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің теміржол және мультимодальды бағыттарды қоса алғанда, заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту саясатымен таныстырды. Осы тұрғыда Орта дәлізді дамытуға қатысудың және теңізге тікелей шығу мүмкіндігі жоқ еуропалық мемлекеттер үшін жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын арттыру мен логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтуде Словенияның «Лука Копер» теңіз портының инфрақұрылымы көлік бағыттарын әртараптандыруда өте маңызды.

Сондай-ақ тараптар екіжақты энергетикалық ынтымақтастықтың өзекті аспектілерін де талқылады. Словен тарапы аэроғарыш саласы мен нанотехнологиялар бағытында ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдіріп, ғылыми-технологиялық кооперация мен құзыреттер алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан-словения серіктестігінің берік әрі ұзақмерзімді құқықтық негіздерін қалыптастыру мақсатында инвестицияларды өзара қорғау және көтермелеу туралы келісімге, дипломатиялық және қызметтік паспорт иелері үшін визасыз режим жөніндегі жаңа келісімге, сондай-ақ екі елдің сыртқысаяси ведомстволары арасындағы консулдық консультациялар өткізуге қатысты шарттық-құқықтық негізін одан әрі кеңейту мәселелері бойынша қағидаттық өзара түсіністікке қол жеткізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ljubljana/press/news/details/1139148?lang=kk