Қарасай аудандық орталық ауруханасында алғаш рет аз инвазивті операциясы жасалды

Қарасай аудандық орталық ауруханасында алғаш рет аз инвазивті операциясы жасалды

13.01.2026 11:51:35 214

Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК-де алғаш рет перкутандық эндоскопиялық гастростомия (ПЭГ) сәтті орындалды. Бұл — жұтыну қызметі бұзылған, өңештің ауыр ауруларымен сырқаттанатын науқастарға қолданылатын заманауи аз инвазивті хирургиялық ота.

Операция 1952 жылы туған науқасқа жасалды. Диагнозы: оң жақ өкпенің төменгі бөлігінің орталық обыры, III саты (T4N1M0), өңештің ортаңғы және төменгі үштен бір бөлігінің зақымдалуымен. Ауру өңештің субкомпенсацияланған стенозымен асқынған, бұл табиғи жолмен тамақ қабылдауға мүмкіндік бермеген.

Клиникалық жағдайды ескере отырып, дәрігерлік консилиум перкутандық эндоскопиялық гастростомия жүргізу туралы шешім қабылдады. Бұл әдіс эндоскопиялық бақылау арқылы асқазанға жасанды жол ашып, толыққанды энтеральды қоректендіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Операция бөлімше меңгерушісі Жұмабеков Берік Нұррадинұлының жетекшілігімен, хирург-эндоскопист Сұлтанқұлов Данияр Рустамұлының және хирург Бактореев Мұрат Бердіғалиұлының қатысуымен жүргізілді. Медициналық топтың үйлесімді жұмысы, кәсіби даярлықтың жоғары деңгейі және клиникалық хаттамаларды қатаң сақтау араласудың сәтті орындалуына мүмкіндік берді.

«Біздің ауруханада алғашқы перкутандық эндоскопиялық гастростомияның жүргізілуі — мамандандырылған медициналық көмекті дамытудың маңызды қадамы. Бұл әдістеме ауыр онкологиялық аурулары және жұтыну қызметі бұзылған науқастардың өмір сапасын едәуір жақсартуға, сондай-ақ ісікке қарсы емді жалғастыруға жағдай жасауға мүмкіндік береді. Біз үшін халықаралық стандарттарға сай заманауи, аз инвазивті технологияларды енгізу аса маңызды», — деп атап өтті Қарасай аудандық орталық ауруханасының бөлімше меңгерушісі Жұмабеков Берік Нұррадинұлы.

Перкутандық эндоскопиялық гастростомия аз инвазивті емдеу әдістеріне жатады, кең көлемді хирургиялық тіліктерді қажет етпейді, жарақаттану деңгейі төмен, асқыну қаупі аз және қалпына келу кезеңі қысқа.

Аталған технологияны меңгеру және тәжірибеге енгізу Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасында эндоскопиялық және хирургиялық көмекті дамытудың маңызды кезеңі болып табылады және мекеме мамандарының жоғары кәсіби деңгейін айқындайды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-densaulyk/press/news/details/1140164?lang=kk