Сыра мен сыра сусындарын цифрлық таңбалауды енгізу туралы
13.01.2026 17:21:09 225
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті нарық қатысушыларын сыра мен сыра сусындарын цифрлық таңбалау жүйесін кезең-кезеңімен енгізу, сондай-ақ тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде (ТТҚ АЖ) тіркеу рәсімдерінің іске қосылатыны туралы хабардар етеді.
«Таңбалауға жататын тауарлар тізбесін айқындау туралы» бұйрыққа сәйкес, 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасында сыра мен сыра сусындарын цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізіледі.
Осыған байланысты өндірушілер мен импорттаушылар қазірдің өзінде жүйе жұмысымен және https://tanba.markirovka.kz/ мекенжайы бойынша өнеркәсіптік стенд арқылы ТТҚ АЖ-ға тіркелу мүмкіндіктерімен танысуына болады.
Жүйе өнімдер туралы мәліметтерді көрсетуге, сондай-ақ өндірісте және логистикада Data Matrix кодтарын қолдануға байланысты процестерді қолдауға арналған.
Цифрлық таңбалауды енгізу мынадай мерзімдерді көздейді:
- 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап — кегтер мен шөлмектердегі өнімдер үшін;
- 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — қаңылтыр банкілердегі өнімдер үшін.
Көрсетілген мерзімдерден кейін шығарылатын өнімдер оны айналымға енгізу кезінде Data Matrix кодын пайдалана отырып, ТТҚ АЖ-да көрсетіледі.
Цифрлық таңбалау жүйесін дамыту нарықтағы ашықтықты арттыруға, тауар қозғалысын есепке алуды жетілдіруге және барлық нарық қатысушылары мен тұтынушылар үшін неғұрлым тұрақты орта қалыптастыруға бағытталған.
Қазіргі уақытта сыра мен сыра сусындары есепке алу-бақылау маркаларымен таңбаланбайды. Цифрлық құралдарды енгізу нарықты бақылау мүмкіндіктерін кеңейтуге және оның заңды әрі тұрақты дамуына қосымша жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1140544?lang=kk