Президенттің Алматы облысын дамыту жөніндегі тапсырмалары: 1 трлн теңгеден астам инвестиция, агросектордағы көшбасшылық және Алатау қаласындағы серпінді жобалар

Президенттің Алматы облысын дамыту жөніндегі тапсырмалары: 1 трлн теңгеден астам инвестиция, агросектордағы көшбасшылық және Алатау қаласындағы серпінді жобалар

16.01.2026 14:40:25 195

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес және Үкіметтің жоспарлы жұмысы шеңберінде 2025 жылы Алматы облысын дамыту халықтың әл-ауқатын арттыруға және өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталды. Жұмыс орындарын құруға және инфрақұрылымды кешенді жаңғыртуға, ең алдымен облыс тұрғындарының 80%-дан астамы тұратын ауылдық жерлерде баса назар аударылды.

Жыл қорытындысы бойынша өңір экономикасының нақты көлем индексі 110,6%-ды құрады, бұл барлық негізгі салалар бойынша тұрақты өсім барын көрсетеді.

Алатау қаласы және индустрия саласындағы көшбасшылық

Мемлекет басшысы белгілеп берген стратегиялық міндеттердің бірі – жаңа Алатау қаласын халықаралық индустриялық және іскерлік хаб ретінде дамыту. Бұл жобаны жүзеге асыру бүкіл облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға қуатты серпін береді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10,1%-ға өсіп, 2,6 трлн теңгеге жетті. Алматы облысы азық-түлік өндірісі бойынша елімізде бірінші орынға берік орныққан. Экономиканың шикізаттық емес секторы да қатар дамып келеді.

Жылдың маңызды жобаларының қатарында Galanz Bottlers компаниясының өндіріс ауқымын кеңейту, сондай-ақ Қарасай ауданында алюминий радиаторларын шығаратын «SL Group» ЖШС зауытын іске қосу оқиғалары бар. Жобаға салынған инвестициялар 7,3 млрд теңгені құрады, 100 тұрақты жұмыс орны құрылып, өнімнің импортын алмастыруға қол жеткізілді.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев атап өткендей, Алатау қаласында 32 негізгі инвестициялық жобадан тұратын пул құрылған.

Бекітілген даму тұжырымдамасына сәйкес олардың 25-і төрт кластерге бөлінген: өндірістік-тамақ, логистикалық, туристік, сондай-ақ академиялық және фармацевтикалық. Ауқымды фармацевтикалық кластер құру үшін Hanteng BioPharma халықаралық конгломератына жер телімін бөлу стратегиялық маңызды қадам болды.

Агроөнеркәсіп кешені – экономиканың іргетасы

Агроөнеркәсіп кешені экономиканың негізгі секторы және облыстың ірі жұмыс берушісі болып қалып отыр. Оның тиімділігі рекордтық көрсеткіштерге жетті: бюджеттік субсидиялардың әрбір теңгесіне 17 теңге жалпы өнім өндірілді.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 798,4 млрд теңгені құрады. Өңір елімізде балмұздақ өндірісі бойынша көш бастап тұр (республикалық көлемнің 63%-ы), сондай-ақ сусындар, жүгері және алма шығару бойынша жетекші орындарға ие.

2025 жылы агроөнеркәсіп кешеніне 148 млрд теңге инвестиция тартылды. Қазіргі заманғы агротехнологиялар қарқынды енгізілуде: суды үнемдейтін суармалы жер көлемі 3,3 есеге ұлғайып, 66 мың гектардан асты. Бұл аймақтың жүгері, алма және соя өсірудегі көшбасшы орынын сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр.

Алматы облысы еліміздегі құс еті өндірісінің жалпы көлемінің 28,7%-ын қамтамасыз етеді және ет өндіру бойынша республикада екінші орында тұр – 133,9 мың тонна.

Қосылған құны жоғары және өсу әлеуеті зор жобалар

Алматы облысында жүзеге асырылып жатқан жобалар кешені өңір экономикасын дамытудың тұтас тетігі ретінде қалыптасқан: бұл аймақты шикізатқа тәуелді модельден өңдеуші экономикаға көшіруге, экспортты ұлғайтуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және қала мен ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

Облыста 9 сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Онда дайын өнім өндіру көлемі 9,3%-ға өсіп, 241 мың тоннаға жетті, сауылған сүт көлемі – 313 мың тонна (+7,9%),  ал экспорт – 31,8 мың тонна (+15,7%).

Қосылған құны жоғары тауарлар сегменті қарқынды дамып келеді. Бұл бағытта «Дәулет-Бекет» ЖШС (түйе сүтінен жасалатын өнімдер) және «NEO Milk» ЖШС (балаларға арналған және арнайы тағам өнімдері) сияқты кәсіпорындар табысты жұмыс істеп отыр. Аталған өндірістер фермерлерге тұрақты өткізу нарығын қамтамасыз етсе, халыққа сапалы өнім ұсынады, ал ел үшін экспорт көлемін арттырып, валюталық түсім әкеледі.

Өңір еліміздегі жүгері егіс алқаптарының 28%-ын қамтиды (49 мың гектар). Жалпы өнім көлемі – 347 мың тонна. Қазіргі таңда оның 20%-ы өңделеді, алайда «Азия Агро Фуд» ЖШС, «Көк Теңіз» ЖШС, «Qaz Eco Dan» ЖШС және Harvest Agro Holding жобаларының іске асырылуы нәтижесінде бұл көрсеткіш 67%-ға дейін өсіп келеді. Бұл крахмал, сироптар, сондай-ақ тамақ және фармацевтика өнеркәсібіне арналған ингредиенттердің экспорттық әлеуетін айтарлықтай күшейтеді. Крахмал экспорты қазірдің өзінде 34,1%-ға артып, 27,3 мың тоннаға жетті.

Жеміс өндіру көлемі бойынша облыс елде 2-орында тұр — 97 мың тонна. Өңдеумен «Fruit Art» ЖШС (сублимация) және «Агрофирма «Керуен» ЖШС (алма, шырындар, консервілеу) айналысады. Қуаттылығы 80 мың тонна болатын «QAZAQ Global Food JV» ЖШС зауыты салынуда. 2028 жылға қарай өңдеу көлемі 37 мың тоннадан 54 мың тоннаға дейін артады. Бұл өнім шығынын азайтып, бағаны тұрақтандыруға және өнімді жыл бойы экспорттауға мүмкіндік береді.

Облыс елдегі құс еті өндірісінің 28%-ын қамтамасыз етеді. Жалпы өндіріс көлемі 133,8 мың тонна, экспорт – 11,9 мың тонна ($16,6 млн). «Прима Құс» ЖШС өндіріс қуатын 105 мың тоннаға дейін ұлғайтып, импортқа тәуелділікті азайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.

«Балық мектебі» орталығы жұмыс істеп тұр, жалпы құны 2,3 млрд теңге болатын 6 жоба іске қосылды. Тауарлы балық өндірісі 16%-ға, экспорт көлемі 27%-ға артты. Балық өнімі Дания, Нидерланд және Польшаға экспортталады.

«Айдарбаев» ШҚ және «Asia Pets» ЖШС балыққа және үй жануарларына арналған жем өндіреді. Жалпы облыс бойынша 423,8 мың тонна жем өндіріліп, соның 187 мың тоннасы экспортталды ($39,9 млн).

Жалпы құны 12 млрд теңге «Қапшағай Бидай Өнімдері» ЖШС жобасының іске қосылуы 150-ден астам жұмыс орнын құрып, өсімдік майы, ұн және құрама жем өнімдерін экспорттауға мүмкіндік берді.

Бұл жобалардың барлығы өзара тығыз байланысты: егіс алқаптары мен фермалар өңдеумен қамтылады, зауыттарға  – шикізат, халыққа – жұмыс орындары мен сапалы өнім, ал мемлекетке  – экспорт пен салық түсімі.

Осылайша, Алматы облысы ауыл шаруашылығының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, экономикалық өсімді жеделдетуге және Қазақстанның әлемдік нарықтағы позициясын нығайтуға бағытталған заманауи индустрияға айналып жатқанын көрсетіп отыр.

Өнімді қайта өңдеу саласындағы жетекші позициялар

Жалпы облыстың тамақ өнеркәсібінде 504 млрд теңгеге дайын өнім өндірілді. 2025 жылы аймақ өз көрсеткіштерін дәйекті түрде жақсарта отырып, жетекші орынға шықты. 2023 жылы облыс 11% үлесіпен екінші орынды, 2024 жылы да 12,7% үлеспен екінші орынды, ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша 13% үлеспен бірінші орынды иеленді.

Бұдан басқа, Алматы облысы Қазақстанда балмұздақ жасау бойынша көш бастап тұр – 63%: ел бойынша жалпы көлемі 61 мың тонна болса, оның 38 мың тоннасы осы өңірден шығады. Бұл ретте таяу және алыс шет елдермен сыртқы сауда айналымында оң сальдо қалыптасып отыр. Мәселен, республика бойынша балмұздақ экспорты 11,5 мың тонна болса, импорт 13,2 мың тонна құрайды, ал Алматы облысы бойынша экспорт 12,9 мың тонна, импорт – 167 тонна.

Өңір сонымен қатар көкөніс шырындарын өндіру бойынша да жетекші орынға ие, бұл – ел бойынша көрсеткіш: 3,8 мың тоннаның 55%-ы немесе 2,1 мың тоннасы.

Тамақ өнеркәсібі үшін маңызды оқиға: 2026 жылғы наурызда PepsiCo компаниясы зауытының іске қосылуы, сол кезде Lay's чипстерінің бірінші партиясы шығарылатын болады. Жоба бойынша Алматы, Павлодар және солтүстік облыстардың фермерлерімен терең кооперация жасау қарастырылған. Үш жыл ішінде арнайы картопты жеткізуді толықтай оқшаулау жоспарлануда, бұл бүкіл аграрлық сектор үшін елеулі мультипликативті әсер бермек.

Инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысына инвестиция тарту 

Өнеркәсіптің қарқынды дамуы ауқымды құрылыс жұмыстарымен қатар жүріп жатыр. Өңірдің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 29,4%-ға артып, 1,3 трлн теңгеден асты. Қаражаттың едәуір бөлігі тұрғын үй құрылысы мен жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталды.

Жыл ішінде 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 10,2%-ға көп. Құрылыс жұмыстарының көлемі 18,4%-ға артты.

Алматы агломерациясын дамыту аясында ҮАААЖ-ға дейін тартылатын алты радиалды автомобиль жолының құрылысы жүргізілуде, олар кейіннен Алматы қаласының қарамағына беріледі.

«Алматы – Бішкек» автожолын сегіз жолаққа, ал «Алматы – Талғар» автожолын төрт жолаққа дейін кеңейтуге бағытталған стратегиялық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл көлік дәліздерінің өткізу қабілетін едәуір арттырады.

Логистика саласында құрылыс қарқыны айқын байқалады: 2025 жылы «А» санатындағы 159 мың шаршы метр қойма пайдалануға берілді. Бұл ҮАААЖ іске қосылғанға дейінгі орташа жылдық көрсеткіштерден 16-17 есе жоғары. Қазіргі таңда еліміздегі «А» санатындағы барлық қойма алаңдарының 70%-дан астамы Алматы агломерациясының үлесіне тиесілі.

Бизнестің қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет Алатау қаласында 46 инфрақұрылымдық нысан салуды көздейтін Жол картасын бекітті. Индустриялық аймақтар мен жаңа өндірістерді іске қосу үшін қажет үш қосалқы станция салу және «Ынтымақ» су тарту нысанын қайта жаңғырту жобалары басымдықпен жүзеге асырылуда.

Әлеуметтік басымдықтар: білім беру, медицина және өмір сүру сапасы 

Әлеуметтік саясаттың негізгі бағыты жастардың дамуына жағдай жасау және халық денсаулығын нығайту болып қала береді. Облыста үш ауысымды оқытуды жою мақсатында 25 білім беру нысаны, соның ішінде 17 «Жайлы мектеп» салынуда.

Сонымен қатар ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында 37 медициналық пункт салынуда. Әлеуметтік шаралар кәсіпкерлікті қолдаумен толықтырылып отыр: өз ісін дамытуға мемлекет тарапынан 27,5 млрд теңге бағытталып, соның нәтижесінде жүздеген сервистік кәсіпорындар мен фермерлік шаруашылықтар ашылды.

2025 жылы экономиканың барлық салаларында 72,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, оның 58,5 мыңы – тұрақты жұмыс орындары.

Президент тапсырмасы бойынша өңірде сумен жабдықтау жобаларын жүзеге асыруға 30,5 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде ауыл халқының таза ауыз суға қолжетімділігі 99,4%-ға жеткізілді, ал газдандыру деңгейі 80%-ға жетті.

Жалпы алғанда, жергілікті бюджет қаражатының 60%-дан астамы әлеуметтік салаға бағытталады. Қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше назар аударылуда: «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру нәтижесінде облыста қылмыс деңгейі 10,7%-ға төмендеп, бұл халықтың өмір сүру сапасына тікелей оң әсерін тигізді.

 

primeminister.kz

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1142563?lang=kk