Жамбыл ауданында денсаулық сақтау инфрақұрылымы нығаюда
17.01.2026 12:50:23 296
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында пайдалануға берілген жаңа емхананың қызметімен танысты.
Сапар барысында министр өңірдегі медициналық көмектің сапасын арттыру мәселесіне тоқталып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республика көлемінде 655 медициналық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
«Алматы облысы – халқы тығыз орналасқан өңір. Жамбыл ауданындағы бұл емхана 200 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Жаңа нысанның жұмысымен таныстық, алдағы уақытта бірқатар ұйымдастыру мәселелерін пысықтау қажет. Ең бастысы – халыққа қолайлы әрі сапалы медициналық көмек көрсету», – деді Ақмарал Әлназарова.
Жаңа емхана тәулігіне 250 адам қабылдауға қауқарлы. Медициналық мекеме алғашқы медициналық-санитариялық көмектің барлық талаптарына сай және заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Мұнда жоғары технологиялы диагностикалық аппараттар, цифрлық рентген, ультрадыбыстық зерттеу құрылғылары, зертханалық талдау жүйелері, телемедицина мүмкіндіктері мен жедел медициналық көмекке арналған жабдықтар орнатылған.
Жамбыл аудандық ауруханасының директоры Дархан Сыбанбаев жаңа емхананың аудан тұрғындары үшін маңызын атап өтті.
«Бұл емхананың іске қосылуы Жамбыл ауданы тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасы айтарлықтай артады. Бүгінде мекемеде 324 қызметкер еңбек етеді, оның ішінде білікті дәрігерлер мен бейінді мамандар жеткілікті. Алдағы уақытта тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын одан әрі жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргіземіз», – деді ол.
Айта кетейік, емхананың штаттық құрамында 324 қызметкер бар. Оның ішінде 98 дәрігер, 194 орта медициналық персонал, 24 кіші медициналық қызметкер және өзге бағыттағы 8 маман еңбек етеді.
Сонымен қатар, Алматы облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 38 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланған болатын. Оның ішінде 13 дәрігерлік амбулатория, 14 фельдшерлік-акушерлік пункт және 11 медициналық пункт бар. Жобалардың жалпы құны 8,2 млрд теңгеден асады. Қазіргі таңда барлық 38 нысанның құрылысы толық аяқталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1143016?lang=kk