Алматы облысында 2025 жылы 70 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды

Алматы облысында 2025 жылы 70 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды

19.01.2026 08:30:33 256

2025 жылы Алматы облысында халықты жұмыспен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. «Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Алматы облысының еңбек мобильдігі орталығы» КММ өңірде жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде нақты нәтижелерге қол жеткізді.

Ресми деректерге сәйкес, жыл басынан бері облыс аумағында 70 876 жұмыс орны құрылды. Оның 56 978-і тұрақты, ал 13 898-і уақытша жұмыс орындары. Сонымен қатар, ұлттық жобалар аясында 3 243 жұмыс орны ашылған.

Жұмыссыз азаматтарды нақты еңбек нарығына тарту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. 2025 жылы 22 099 адам тұрақты бос жұмыс орындарына орналастырылды. Бұл көрсеткіш өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге айтарлықтай әсер еткен.

Субсидияланатын жұмыс орындары бағдарламалары арқылы да мыңдаған азамат жұмыспен қамтылды. Атап айтқанда, жыл ішінде 12 256 жұмыссыз азамат осы бағыттағы жобаларға жіберілді. Оның ішінде 544 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 918 адам жастар практикасына, 7 686 адам қоғамдық жұмыстарға, 570 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 1 517 адам «Күміс жас» бағдарламасына, ал 38 адам «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысқан.

Кадр даярлау мен еңбек нарығының сұранысына бейімделу мақсатында қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары да іске асырылды. Оқыту 6 колледжде және 10 оқу орталығында жүргізіліп, оған 707 жұмыссыз азамат қамтылды. Оқуды аяқтаған 504 адам алған мамандықтары бойынша тұрақты жұмыс орындарына орналасты.

Кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы маңызды тетіктердің бірі – қайтарымсыз мемлекеттік гранттар. 2025 жылы жаңа бизнесті бастау және дамыту үшін 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі 260 мемлекеттік грант берілді. Бұл қаржы азаматтардың өз кәсібін ашып, тұрақты табыс көзіне қол жеткізуіне мүмкіндік берді.

Жалпы, атқарылған жұмыстар Алматы облысында жұмыспен қамту саясатының жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын және еңбек нарығын тұрақтандыруға нақты ықпал етіп отырғанын көрсетеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1143119?lang=kk