В Алматинской области усилена подготовка к весенним полевым работам
21.01.2026 19:30:50 255
Алматы облысында көктемгі егіс науқанына дайындық мәселелері кең көлемде талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлының төрағалығымен өткен жиында агроөнеркәсіп кешеніндегі өзекті міндеттер, қаржыландыру тетіктері мен ресурстық қамтамасыз ету мәселелері күн тәртібіне шығарылды.
Жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы мен жауапты мамандары, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ директорының орынбасары, сондай-ақ бейнебайланыс (ВКС) арқылы аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, салалық бөлім басшылары мен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.
Кеңес барысында төрт негізгі бағытқа басымдық берілді. Атап айтқанда, көктемгі дала жұмыстарына дайындықтың нақты барысы, «Кең Дала» бағдарламасының іске асырылуы, су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Алғашқы баяндама облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Қасымұлы Тоқпейісовке ұсынылып, ол егіс науқанына дайындықтың қазіргі жай-күйі мен алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерге тоқталды. Оның айтуынша, егіс жұмыстарын уақытында бастау үшін техника, тұқым, тыңайтқыш және жанар-жағармай мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп жатыр.
Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ директорының орынбасары Нұрмади Нұрланұлы Алибаев «Кең Дала» бағдарламасы аясында шаруаларды қаржыландыру тетіктерін түсіндіріп, жеңілдетілген несие мен қолдау шараларының қолжетімділігі туралы баяндады.
Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы көктемгі егіс науқаны өңір экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
«Көктемгі дала жұмыстары – ауыл шаруашылығының ғана емес, тұтас өңір экономикасының іргетасы. Сондықтан дайындық жұмыстары тұрақты әрі қатаң бақылауда болуы тиіс. Біз үшін басты міндет – егіс науқанын уақытында, сапалы өткізу және шаруаларды барлық қажетті ресурстармен толық қамтамасыз ету. Әсіресе, су үнемдеу технологияларын енгізу мен қаржыландырудың ашық әрі тиімді тетіктері маңызды», – деді ол.
Сондай-ақ әкімнің орынбасары аудан және қала әкімдерінің орынбасарларына келесі жиында «Кең Дала» бағдарламасы бойынша нақты келісімшарттар мен қаржыландырудың барысы, дизель отыны мен минералды тыңайтқыштарды сатып алу, су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша егжей-тегжейлі ақпарат ұсынуды тапсырды.
Жиын соңында ауыл шаруашылығы басқармасына берілген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау жүктелді. Өңірде көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі уақтылы өткізу үшін барлық күш пен мүмкіндік жұмылдырылатыны атап өтілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1145520?lang=kk